Тоқаев Chevron басшысын Теңізді кеңейтуді сәтті аяқтауымен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасы талқыланды. Cонымен бірге ірі инвестициялық жобаларға, соның ішінде газ және мұнай химиясы өндірісіне ерекше назар аударылды.
Тоқаев Chevron компаниясымен серіктестік елдің энергетика саласын тұрақты дамытуда негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Бұған қоса мемлекет басшысы Майкл Уиртті «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасының табысты аяқталуымен құттықтады.
Президент отандық компаниялардың мұнай-газ секторындағы үлесін арттырудың өзектілігіне назар аударды. Сонымен бірге Chevron компаниясымен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екеніне тоқталды.
Ал Майкл Уирт болса Қазақстан компанияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді. Ол «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны 1993 жылдан 2024 жылға дейін республикаға айтарлықтай инвестиция салғанын айтты.
Биыл Қазақстанда мұнай өндірісі бойынша қайта-қайта рекорт жаңарды. Республикада көп мұнай өндіріліп жатқанына Chevron компаниясының Теңіз кен орнын игеруді кеңейтуі әсер етті. Америкалық компания кенішті кеңейтуге 48 млрд доллар бөлген.