QazaqGaz өңдеу зауытының бұрынғы директоры сотталды

Жаңаөзен қаласында QazaqGaz өңдеу зауытының бұрынғы директоры Болат Байшуақов төрт жылға сотталды. Топ-менеджерге мемлекеттік қызметке орналасуға тыйым салынды.
Байшуақовтың сотталғаны туралы мәліметті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жариялады.
«Маңғыстау облысы Жаңаөзен аудандық соты «Қазақ газ өңдеу зауытының» бұрынғы директоры Б.А. Байшуақовқа қатысты іс бойынша үкім шығарды. Байшуақов сеніп тапсырылған кәсіпорын мүлкін аукцион өткізбей, заңсыз жолмен сату арқылы ақшаны иемденді деп танылды. Ол төрт жылға бас бостандығынан айрылды. Сонымен бірге өмір бойы мемлекеттік қызметке тұруға, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды», – деп мәлімдеді агенттік.
Сот үкімі әлі заң күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Байшуақовтың ұсталғаны 2024 жылғы тамызда мәлім болған. Сол кезде бұрынғы директор мемлекетке 65 млн теңге залал келтіргені айтылған.
Болат Байшуақов зауыт директоры қызметіне 2023 жылғы ақпанда тағайындалған. Бұған дейін ол 20 жыл бойы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында істеген.
«Қазақ газ өңдеу зауыты» 1973 жылы Жаңаөзен қаласында ашылды. Зауыт газды төменгі температуралық конденсациялық әдіспен өңдеп, сұйық көміртекті шикізат шығарады. Кәсіпорын жылына 3 400 млн текше метр газ шығарады.