«ҚазМұнайГаз» полимер зауытын Ресейге сату себебін түсіндірді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ҚМГ мәліметінше, ресейлік компаниясы кәсіпорынға қыруар инвестиция құяды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Полимер Продакшн» кәсіпорынының 60% үлесін Ресейдің СИБУР компаниясына сату себебін түсіндірді. Ол жұмысы тоқтап тұрған зауытқа қомақты инвестиция құюы тиіс.

Кәсіпорынның жағдайы

Ұлттық компанияның мәліметінше, ҚМГ кәсіпорынның 100% үлесін 2023 жылғы желтоқсанда сатып алған. Зауыттың жылына 10 мың тонна полипропилен пленка өндіретін қуаты бар, алайда сол кезде ауыр дағдарысқа тап болған.

«Зауытты сатып алу кезінде барлық технологиялық желілер консервацияда болып, жұмыс істемей тұрды. Қызметкерлер мәжбүрлі тоқтап тұру жағдайына ауыстырылып, жалақылары ішінара өтеліп келді. Компания шығыны 5,8 млрд теңге болды», – деп мәлімдеді ҚМГ.

«ҚазМұнайГаз» зауыт үлесін неге сатты

«ҚазМұнайГаз» кәсіпорында сату себебі ретінде пленка шығару ұлттық компаниясы қызметіне жатпайтынымен түсіндірді.

«Негізінен тамақ өнеркәсібінде буып-түю материалы ретінде пайдаланылатын пленкалар өндірісі ҚМГ-ның бейінді қызметіне жатпайды. Осыған байланысты кәсіпорынды тиісті деңгейде оңалту үшін серіктес тарту туралы шешім қабылданды».

Не себепті Ресей компаниясы

ҚМГ-ны кәсіпорын үлесін Ресей компаниясына сату барысында оның қомақты инвестициясы қызықтырған.

«Бұл мәміле «Полимер Продакшн» ЖШС-нің өндірістік қуатын тездетіп қалпына келтіру жоспарын іске асыру үшін қомақты инвестиция құюға мүмкіндік береді. Өндірісті қалпына келтіру кестесі және оны тоқтап тұру жағдайынан шығару 2025 жылдың 3-ші және 4-тоқсанына жоспарланған».

Мәліметке қарағанда, қазір зауыт қызметкерлері СИБУР кәсіпорындарында біліктілігін арттырып, кәсіби тағылымдамадан өтіп жатыр. Зауыт толық іске қосылған уақытта, мұнда 200-ден аса адам жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазМұнайГаздың» «Полимер Продакшн» кәсіпорыны үлесін Ресей компаниясына сатқаны 10 сәуірде мәлім болды.

«Полимер Продакшн» ЖШС 2012 жылы құрылған. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы полипропилен қап пен пленка шығаратын алғашқы ірі кәсіпорын болды.

Сондай-ақ оқыңыз