Қуандық Бишімбаевтың отбасы жиған дәулетінің көп бөлігін сақтап қала алды

Байлығын жоғалтқан Қуандық Бишімбаев енді балаларына бұрынғыдай көп алимент төлей алмайды деп отыр сотталған экс-министрдің адвокаты. Kursiv.Media сот үкімі шыққанан кейінгі бір жылда Бишімбаевтар әулетіне қандай активтер тиесілі екенін тексерді.
2024 жылғы мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін төрт жыл бас бостандығынан айрылды.
Биыл сәуірдің басында Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман түрмеде отырған экс-министрдің отбасы Қуандықтың үш баласына алимент төлеуді доғарғанын мәлімдеді. Қамаудағы бұрынғы шенеуніктің адвокаты Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, Қуандық алимент төлеуден бас тартпайды, бірақ бір жылдың ішінде оның қаржы жағдайы тұрақты табыс болмағандықтан қатты нашарлап кеткен.
Қуандық Бишімбаев
Бишімбаевтың үстінен қозғалған іс сотта қаралып жатқан уақытта БАҚ оның отбасы түрлі активке ие екенін жарыса жазды. Қуандықтың өзі қазір, бизнес-ақпарат агрегаторларының мәліметінше, ешқандай компанияның басшысы немесе құрылтайшысы емес. Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында ол Астананың Байқоңыр ауданында, сонымен бірге Алматының Бостандық, Наурызбай және Медеу аудандарында салық төлеуші ретінде тіркелгені туралы мәлімет бар. Бұрынғы шенеуніктің осы аудандарда жылжымайтын мүлкі бар болса керек.
Бишімбаевтың салық бойынша қарызы жоқ.
Альмира Нұрлыбекова
Бишімбаевтар отбасында кәсіпкерлікпен Қуандықтың анасы Альмира Нұрлыбекова шұғылданады. Ол бірнеше компанияға иелік етеді. Ұлына сот үкімі шыққанға дейін және кейін Нұрлыбекованың осы компаниялардағы мәртебесі өзгергенін айта кету керек.
Осындай компаниялардың бірі ― «SAPA Logistics» ЖШС. Компания қызметі — азық-түлік және басқа да тауарларды қоймада сақтау. 2024 жылғы сот кезінде Қуандық Бишімбаев «SAPA Logistics» компаниясында кеңесші болып істегенін айтқан. Бір қызығы, ұлының соты жүріп жатқан уақытта Альмира Нұрлыбекова құрылтайшылар құрамынан шыққан. Алайда 2024 жылғы маусымда, ұлына сот үкімі шыққаннан кейін, компанияға құрылтайшы болып қайта оралған.
Қазір Нұрлыбекова осы компанияға Қарлығаш Әділовамен бірге иелік етеді. Қарлығаш Бишімбаевтың немере ағасы Сұлтан Нұрлыбектің әйелі. Құрылтайшылар құрамында Арман Досмағамбетов те бар. Ол компанияның бірінші жетекшісі.

«Success ABN» ― Альмира Нұрлыбекова құрылтайшылығындағы тағы бір компания. 2025 жылғы 7 сәуірден бастап құрылтайшылар тізіміне Қуандықтың қарындасы Аружан Бишімбаева кірген. Ол да компанияның бірінші жетекшісі.
Бұрын осы компанияның құрылтайшылар тізімінде сотталған Бақытжан Байжанов та болған. Компания құрылыс жобаларын дайындаумен айналысады.
Нұрлыбекова құрылтайшылықтан шығып қалған компаниялар да бар. Олардың арасында «EZy Park» ЖШС-ны атауға болады. Компания «өзіне қарасты немесе жалға алынған бизнес-орталықтарды, кеңселерді, әкімшілік ғимараттарын басқарады», бұған қоса азық-түлік, сусын және темекі өнімдерінің көтерме саудасымен айналысады». BAU мейрамханасы орналасқан гастро-орталық дәл осы компанияда тіркелген. Атышулы мейрамханада Салтанат Нүкенова көз жұмғаны мәлім.
Қазір EGOV-тан алынған ресми мәліметте осы компанияның құрылтайшылар тізімі атымен жоқ. Компанияны қайта тіркеу соңғы рет 2024 жылғы 18 желтоқсанда жүзеге асырылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Альмира Нұрлыбекованың салық берешегі жоқ.
Аружан Бишімбаева
Қуандықтың қарындасы Аружанның атына қазір екі компания тіркелген. Солардың бірі ― Success ABN. Ол туралы жоғарыда жазылды. Аружан «LK PROFIT» ЖШС құрылтайшылары тізіміне де кіреді. Компания «бағдарлама кодын дайындау, сынау саласында» қызмет етеді.
Кірістер комитетінің мәліметінше, LK PROFIT азғантай салық төлеп отыр: 2020 ― 18 мың теңге, 2021 ― 22 мың, 2022 ― 1000 теңге. 2023 және 2025 жылдарға мәлімет жоқ.
Бақытжан Байжанов
Бишімбаевтың сотталған туысы Бақытжан Байжанов үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін «Success ABN» құрылтайшысы болудан қалды.
Алайда ол ресми тізімдерде «Hightower Development» және «SUN CITY LTD» ЖШС компанияларында бірінші жетекші болып тұр. Екі компания да тұрғын үй құрылысымен айналысады. Екеуінің де Астанадағы мекенжайы бірдей.
Екі компанияның құрылтайшылары: Елубай Арғынбаев пен Сұлтан Нұрлыбек ― Қуандықтың немере бауыры. 2017 жылы Нұрлыбек Қызылордада әйнек шығаратын зауыт құрылысы барысында 2 млн доллар пара алды деп айыпталды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айрылған.
2024 жылғы сот кезінде Салтанаттың ағасы Әйтім Амангелді Бақытжан Байжановтың ірі Sensata Construction Group құрылыс компаниясы барын айтқан. Алайда компаниядағылар оны жоққа шығарған. Қазір Байжанов құрылтайшылар тізімінде жоқ. Бұған дейін Kursiv.Media осы компанияға кімдердің қатысы бары туралы жазған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Байжанов Астана қаласының Нұра, сонымен бірге Алматы және Есіл аудандарында салық төлеуші болып тіркелген. Материал жарияланған уақытта оның салықтан 72 мың теңге қарызы болған.
Абдаллах-Санжар Асқаров
Қуандық Бишімбаевтың тағы бір туысқаны ― кәсіпкер әрі блогер Асқаров Абдаллах-Санжар. 2022 жылы ол аты-жөнін өзгерткен, оған дейін Санжар Алтаев еді.
Shishkin Like мәліметінше, бұрындары кәсіпкер AlmaCloud IT-компаниясын басқарған, сосын Uchet.kz холдингіне сатқан. 2024 жылғы наурызда оның атына бірнеше компания тіркелген: «Sinfo» ЖШС, «Sanzhar.Rulit.Astanа» ЖШС, «Piqs Systems» ЖШС, «Adal Partners Central Asia» ЖШС, «Свое такси LTD» және «Красавчик» жеке кәсіпкерлігі.
2025 жылғы сәуірде ол «Свое такси LTD» жеке компаниясының ғана құрылтайшысы болып қалды.
Бишімбаев отбасының басқа да мүшелері
Абдаллах-Санжар Асқаровтың анасы, Қуандықтың нағашы әпкесі Гаухар Бишімбаева бұрын ұлына қатысы бар бірнеше компанияның құрылтайшысы болған. Алайда қазір оның такси қызметіне байланысты «Гаухар» жеке кәсіпкерлігі ғана бар.
Гаухар Бишімбаева Алматы қаласының Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында салық төлейді.
Қуандық Бишімбаевтың әкесі жағынан әпкесі болып келетін Сәуле Қозыке 2024 жылғы наурызға дейін Бишімбаева болған, бірақ тегін өзгерткен. Ол «ARPI-Qazaqstan» ЖШС құрылтайшысы. Компания қызметі ― өндірісті дамытуға бағытталған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы қолданбалы зерттеулер. Мемлекеттік кірістер комтетінің базасында компанияның кейінгі кезде салық төлегені туралы мәлімет жоқ.
Осылайша, Қуандық Бишімбаев отбасы жиған дәулетінің көп бөлігін сақтап қала алды. Альмира Нұрлыбекова көптеген компанияның құрылтайшысы болып қалды, тек алтауының екеуінде ғана осындай мәртебеден түсті.
Оның үстіне Бақытжан Байжановтың жалғыз «Success ABN» компаниясы соның атына жазылған. Абдаллах-Санжар Асқаров алты компанияның төртеуінде құрылтайшы болудан қалды. Дегенмен мұндай өзгерістің екі бірдей туысының сотталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.