Сакурадан кем емес: Алматы маңында 168 гектар аумақта өрік гүлдеді

Жарияланды 14 Сәуір 2025 08:22

Жазира Қанатқызы

Жазира Қанатқызы


Алматы маңында өрік гүлдеді / Фото: kursiv.media, Жазира Қанатқызы
Алматы маңында өрік гүлдеді / Фото: Алатау ұлттық паркі, Серікбай Үсен

Алматы маңындағы Іле Алатау ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген кәдімгі өрік гүлдеді. Бұл – табиғаттың сирек әрі көркем көріністерінің бірі. Өріктің гүлдеу кезеңі небәрі 10-14 күнге ғана созылады. 

Кәдімгі өрік (Armeniaca vulgaris) Іле Алатауының бөктерінде Талғар ауданына қарасты Қотырбұлақ орманшылығында 168 гектар аумақта табиғи жағдайда (өз бетінше) өседі. Бұл жердегі өрік популяциясы – әлемдегі ең бай, әрі генетикалық тұрғыдан құнды болып есептеледі.

Алматы маңында өрік гүлдеді / Фото: kursiv.media, Жазира Қанатқызы
Фото: Алатау ұлттық паркі, Серікбай Үсен

Іле Алатауы ұлттық паркінің ғылыми зерттеу жұмыстары және таулыбиоәртүрлілік бөлім басшысы Салтанат Усербаева халық бұл табиғи құбылыстың маңызын тереңірек түсінсе дегенді айтады.

«Өрік ерте көктемде гүлдейді, гүлдеу мерзімі аз ғана уақытқа созылады. Бірақ сол қысқа уақыт ішінде 168 гектар аумаққа көз тоймайтын сұлулық сыйлайды. Жапонияда сакураның гүлдеуін күтетін жергілікті тұрғын да, турист те көп. Жапония халқының өсімдікке деген қызығушылығы, құрметі мен ықыласы таңғалдырмай қоймайды. Осындай сезім біздің елдің әрбір азаматының жүрегінде болса екен дейміз. Ол үшін, әрине, өрік гүлдеген кезде оның қандай әсем болатынын, алдымен ел халқы білуі керек. Одан кейін осы аумақта жаппай гүлдеуді көргісі келетіндер үшін жағдай жасалуы қажет». 

Алматы маңында өрік гүлдеді
Фото: Алатау ұлттық паркі, Серікбай Үсен

Оның айтуынша, бұл аумақ Алматыға жақын болғанымен, көпшілік мұнда өсіп тұрған ағаштардың жабайы өрік екенін білмейді.

«Көп адам мұны жай ғана ағаш деп қабылдайды. Оның ерекше қорғалатынын, Қызыл кітапқа енгенін, сирек кездесетін табиғи байлық екенін ескере бермейді. Өкініштісі — осы. Егер бұл орынды дұрыс ұйымдастырып, абаттандырсақ, экотуризм дамиды, жұрттың көзқарасы да өзгереді», – дейді ұлттық парктің ғылыми бөлім басшысы.

Кіші ғылыми қызметкер Серікбай Үсеннің айтуынша, өріктің экологиялық маңызы да зор. Бұл өсімдік тек әдемілігімен емес, бүкіл экожүйеге әсерімен де маңызды. Мысалы, өріктің көлеңкесінде таушымылдық, хакладка сияқты сирек өсімдіктер жақсы жағдайда өсіп жатыр.  

Алматы маңында өрік гүлдеді / Фото: kursiv.media, Жазира Қанатқызы
Фото: Алатау ұлттық паркі, Серікбай Үсен

Сондай-ақ Серікбай Үсен өріктің гүлдеуін туризммен байланыстыру арқылы табиғатты сақтау ісін кеңінен насихаттауға болатынын жеткізді.

«Жапониядағыдай біз де өрік гүлдеген маусымды ерекше атап өтетін дәстүрге айналдыра аламыз. Арнайы бағыттар ашылып, туристік инфрақұрылым жасалса, бұл көріністі тамашалауға адамдар да көп келеді. Бұл – табиғатты қорғауға да, туризмді дамытуға да ықпал етеді», – дейді ол. 

Алматы маңында өрік гүлдеді / Фото: kursiv.media, Жазира Қанатқызы
Фото: Алатау ұлттық паркі, Серікбай Үсен

Кәдімгі өріктің табиғи ареалдары әлемде санаулы ғана: Гималай, Тянь-Шань, Солтүстік Кавказ және Іле Алатауы. Сондықтан бұл аумақ — жаһандық деңгейдегі сирек табиғи байлық.

Ғалымдар мен парк қызметкерлері өріктің гүлдеуін тамашалауға мүмкіндік жасап, оны ұлттық құндылық ретінде танытуға шақырады. 

Сондай-ақ оқыңыз