Антикор жемқор шенеуніктердің тізімі жарияланатын арнайы сайтты іске қосты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жария порталда жемқор шенеуніктердің тізімін көруге болады / Коллаж: kursiv.media архиві

Антикор сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған арнайы сайт ашты. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, портал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ақпаратты бір ресурста жүйелеуге арналған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралармен кез келген адам таныса алады.Сондай-ақ порталды пайдаланушылар өздерін қызықтыратын, онлайн тестілеу және сертификат алу мүмкіндігі бар оқу курстарын таба алады»,– делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, азаматтар әлеуметтік сауалнамаға қатыса алады. Оның нәтижелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды түзету мен олардың тиімділігін бағалауға пайдаланылады.

Сайтта Transparency International халықаралық ұйымының жыл сайынғы зерттеу нәтижелері және Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі орны жарияланған.

Жемқор шенеуніктердің тізімі жарияланады

Порталда «Сыбайлас жемқорлық картограммасы» да орналастырылған. Онда сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары лауазымдардың тізімі мен мемлекеттік органдар және өңірлер бөлінісіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы қамтылған.

Сондай-ақ волонтерлік қызметке арналған бөлім бар. Онда белсенді волонтерлер мен ұйымдар туралы ақпарат ұсынылған. Қалаушылар волонтер болу үшін сауалнама жіберіп, кандидатурасын қарауға ұсына алады.

Бұл ресурста сондай-ақ сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға да мүмкіндік бар.

Еске салып өтейік, биыл жыл басында Мәжіліс елдегі жемқорлардың тізімін жариялауға қатысты заң нормаларын қараған еді. Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз