Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіріп жатыр

Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіріп жатыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, соңғы бір жылда компанияның бұл елдегі смартфон өндірісі 60%-ға артқан.
«Қазіргі таңда Үндістанда зауыт бағасымен 22 млрд доллар тұратын iPhone құрылғылардың 20%-ы шығарылады. Бұл елде барлық iPhone модельдері құрастырылады», — деп хабарлады агенттік.
Сондай-ақ Apple компаниясының Үндістандағы негізгі серіктестері Foxconn Technology Group пен Tata Group. Олардың еншілес кәсіпорындары Pegatron Corp. пен Wistron Corp. екені атап өтілген. Дегенмен бұл елдегі смартфон нарығында Apple брендінің үлесі әзірге шамамен 8%-ды құрайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Үндістанда өндірілетін iPhone-дардың басым көпшілігі елдің оңтүстігіндегі Foxconn зауытында құрастырылады.
Apple компаниясы бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме бермеді.
Бұған дейін АҚШ-тың жаңа кедендік баж салығына байланысты Apple өнімдерінің бағасы өсуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Трамп әкімшілігі енгізген қытайлық тауарларға салынатын жоғары кедендік баж салығы (кейбір тауарларға 145%-ға дейін) ішінара Apple өндірісін АҚШ-қа қайтаруды мақсат еткен еді. Алайда, 12 сәуірде Вашингтон сауда саясатын жеңілдетіп, смартфондар, компьютерлер және электронды компоненттерге салынған баж салығын алып тастады. Бұл шешім Apple-дің шамамен 200 қытайлық жеткізушіге тәуелді екеніне қарамастан қабылданды.
iPhone қымбаттайды
Bank of America сарапшылары осылай жалғаса берсе, iPhone смартфондарының бағасы 90%-ға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені кедендік баж салығына байланысты құрылғылардың өндірісі АҚШ-қа көшірілуі мүмкін. Ал АҚШ-та жұмыс күші қымбат.
Осыған дейін Rosenblatt Securities сарапшылары iPhone 16 Pro Max бағасының 54% тарифтік мөлшерлемемен қаншалықты қымбаттайтынын есептеп шығарған. Оған сәйкес, ең қымбат смартфонның бағасы 1599 доллардан 2300 долларға дейін өсуі мүмкін. Ал 125% салықпен бұл баға 2,5 есе арта түсетіні анық.