Дина Таңсәрі қандай істер бойынша күдікке ілінген

Бас прокуратура NeMolchi.kz қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі қандай істер бойынша күдікке ілінгенін мәлім етті.
Прокуратура дерегінше, Дина Таңсәрі (Смайлова) белгісіз тұлғалар тобымен бірге алаяқтық жолмен, шексіз адамдар тобының сенімін теріс пайдаланып, қазақстандық азаматтардың ақшалай қаражаттарын иемденді деген күдікке ілінген.
Бұдан бөлек оның үстінен 6 қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Ол істер жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұғушылық және алаяқтық фактілері бойынша қозғалған. Оларды Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері жүргізіп жатыр.
«Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық ісі аясында 2023 жылдың сәуір айында Смаилова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жалған ақпарат жариялағаны анықталды. Ол марқұмның отбасына көңіл айтып жазбалар жариялаған. Алайда бұл мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспайды, өйткені нақты өмірде суицид болмаған» делінген хабарламада.
Прокуратураның дерегінше, бұл жағдайға қатысты «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілген. Соған қарамастан, Смаилова зардап шеккен тарапқа адвокат жалдау үшін ақша жинауды бастап, сот процесі барысында 20 миллион теңгеден астам қаражат жинаған.
«Бірақ бұл ақшаның аз ғана бөлігі іссапар шығындарына жұмсалған. Кейін сотта адвокат қызметтері зардап шеккен тараптың өз қаражатына төленгені белгілі болып, айыпталушылардың қорғаушылары наразылық білдіріп, арыз жазған»,– делінеді хабарламада.
Хабарламада сот санкциясымен алынған банктік мәліметтерді саралау барысында Смаилова «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң талаптарын бұза отырып, қорға түскен ақшаны күйеуінің жеке картасына аударғаны, әрі ол қаражатты шетелде жүрген кезінде жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны анықталғаны атап өтілген.
Смаилованың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы – «аса ірі көлемдегі бірнеше мәрте жасалған алаяқтық» ретінде сырттай сараланып, тергеу сотымен оған «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған.
«ҚР ІІМ Интерпол бөлімшесі Смаилованың Черногорияда жүргенін анықтады. Осыған байланысты ҚР Бас прокуратурасы оны қайтару туралы сұранысты Черногорияның уәкілетті органдарына жолдады. Алайда, Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім болмағандықтан, Смаилованы қайтарудан бас тартылды. Соған қарамастан, Қазақстанның құқық қорғау органдары оның қылмыстық жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастырады«, – дейді прокуратурадағылар.
Бұған дейін, Черногория соты Дина Таңсәріні Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.
Ішкі істер министрлігі Дина Таңсәріге 2023 жылдың желтоқсан айында іздеу жариялаған.