Қазақстан кей шетел азаматтарына елшілік арқылы ЖСН беруді қайта бастайды
Жарияланды

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі 2025 жылғы 18 сәуірден бастап шетелдік азаматтар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін ресімдеуге және оның нәтижелерін беруге өтініштерді қабылдау жөніндегі пилоттық жобаны қайта бастайтынын хабарлады.
Бекітілген жаңа алгоритмге сәйкес, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы ЖСН төмендегідей тұлғаларға ресімделеді:
- әлеуетті инвесторларға;
- тауарларды таңбалау және қадағалау шеңберінде тауарлар айналымына қатысушыларға;
- Қазақстан Республикасы азаматтарының жұбайы болып табылатын шетел азаматтарына (азаматтық хал актілерін АХАЖ АЖ тіркеу туралы белгі қою үшін);
- ата-анасының бірі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын шетел мемлекетінің балаларына (16 жасқа дейін);
- мұраны қабылдауды жүзеге асыратын шетел азаматтарына;
- Digital Nomad Residency және Digital Nomad Visa бағдарламаларының әлеуетті қатысушыларына;
- мүгедектігі бар шетел азаматтарына;
- 65 жастан бастап шетел азаматтарына;
- өсімдіктерді қорғау құралдарының (пестицидтерді) өндірушілері мен тіркеушілеріне;
- Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың, филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің басшылары болып табылатын шетел азаматтарына.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «елшіліктер арқылы ЖСН алуға тыйым салынғанын қарамастан, Цифрлық даму министрлігі шетелдіктерге заңды айналып өтіп, ЖСН-ды елшіліктерден алуына жол беріп қойды, шетелдіктер негізінен осы ЖСН-ды пайдалана отырып алаяқтық жасайды» деп сынаған.
Қазақстан елшіліктер арқылы ЖСН беруге былтырғы жылдың соңында тыйым салған.