Солтүстік пен Шығыс Қазақстанда су басу қаупі бар

Қабылданған шаралар елдің басым бөлігіндегі су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Кеген Тұрсынбаев Үкімет отырысында осылай деп мәлім етті.
Оның сөзінше, оңтүстік пен батыста су тасқыны кезеңі аяқталған. Бұл аймақтарда елдімекендердің суға кетуіне жол берілмеген.
Керісінше, өткен аптада еріген қар суы мен көп жауған жаңбыр салдарынан Ақмола облысындағы тұрғын үйлерді су басқан. Қолда бар су өткізу жүйелері мол көлемдегі суды өткізуге қауқарсыз болып шыққан.
Енді су тасқынының келесі кезеңі Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында күтіліп отыр.
«Аталған өңірлердегі алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Күштер мен құралдар резерві, оның ішінде әскери бөлімдер алдын ала жіберілді. Жағдайды бақылауда ұстаудамыз, күштер мен құралдар қосымша жөнелтуге дайын тұр«,– деді ол.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері елде шамамен 4,3 млн текше метр су сорылған алты жүз мыңнан астам құм салынған қап төселіп, сегіз жүз шақырымнан астам арық тазартылған.
Бұған дейін, Ақмола облысында су басқан аймақтан жүзден аса адам көшіріліп, суға кеткен автокөлік иесінің денесі табылған.