Экологиялық көліктер: артықшылықтары қандай, кемшіліктері бар ма

Жарияланды 15 Сәуір 2025 08:11

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Электромобиль алу тиімді ме?/ REUTERS, бильд-редактор: Милош Муратовский

Соңғы жылдары автокөлік нарығында экологиялық таза көлік құралдарына деген қызығушылық айтарлықтай артты. Электромобильдер мен гибридтер бүгінде «жасыл» болашақтың символына айналды. Алайда бұл технологиялар қаншалықты тиімді, оларды таңдау қаншалықты ақылға қонымды? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен экологиялық көліктің не екенін анықтап алайық.

Экологиялық көліктер — бұл қоршаған ортаға зияны аз немесе мүлде зиянсыз көлік түрлері. Оларға электромобильдер (BEV), плагин-гибридтер (PHEV), қарапайым гибридтер (HEV) және сутегімен жүретін көліктер (FCEV) жатады. Бұл көліктер іштен жанатын қозғалтқыштарға қарағанда атмосфераға көмірқышқыл газын азырақ бөледі немесе мүлде шығармайды.

Электромобильдердің қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды

Электромобильдің «жүрегі» — электр қозғалтқышы. Ол аккумулятордан энергия алып, дөңгелектерін қозғалысқа келтіреді. Қазіргі электромобильдерде литий-ионды батареялар кеңінен қолданылады — бұл сол батареялар смартфондарда да пайдаланылады. Бірақ әлдеқайда қуатты нұсқада. Сонымен қатар арнайы тежеу жүйесі бар. Яғни тежеу кезінде энергия қайтадан аккумуляторға қайтарылады. Бұл батареяның жұмыс уақытын ұзартуға мүмкіндік береді.

Гибридті көліктердің екі түрі бар: HEV (мүлде сырттан зарядтауды қажет етпейтін) және PHEV (сырттан қуат алуға болатын). HEV моделінде электр қозғалтқышы бензинмен жұмыс істейтін қозғалтқышпен бірге жұмыс істейді, ал PHEV нұсқасында аккумулятор көбірек қуатқа ие, сол арқылы қысқа қашықтықтарды тек электр қуаты күшімен жүре алады.

Артықшылықтары: экология мен үнемділік

Электромобильдердің ең үлкен артықшылығы — қоршаған ортаға зиянының аздығы. Олар сыртқы ортаға көмірқышқыл газын мүлде шығармайды. Бұл ауа сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады. Әсіресе, ірі қалаларда бұл фактор маңызды. Сонымен қатар электромобильдерде іштен жанатын қозғалтқыш болмағандықтан, мотор майын, көлік шамын ауыстыру қажет емес, яғни техникалық қызмет көрсету әлдеқайда арзанырақ.

Электр қуаты жанармайға қарағанда арзан. Мысалы, Қазақстанда толық зарядтау (орта есеппен 60 кВт⋅сағ) 1 500 – 2 500 теңге аралығында болуы мүмкін. Бұл 400–500 шақырым жүріп өтуі үшін жеткілікті. Ал бензинмен мұндай арақашықтыққа жету үшін 10 000 теңгеден астам қаражат кетеді.

Мемлекеттік деңгейде де қолдау бар. Кейбір елдерде электромобильдерге салықтық жеңілдіктер, кедендік жеңілдіктер немесе субсидиялар беріледі. Қазақстанда да бұл салада заңнамалық өзгер қамтылған. Салық арзан, Алматы сияқты мегаполистерде қалалық тұрақ тегін, Медеу сынды табиғи нысандарға тек осындай «жасыл» көліктермен баруға рұқсат етілген.

Кемшіліктер: инфрақұрылым мен батарея мәселесі

Дегенмен электромобильдердің кемшіліктері де бар. Ең бастысы — инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Қазіргі таңда зарядтау станциялары барлық қалада орнатылмаған. Әсіресе, ауылдық аймақтарда бұл мәселе өзекті. Қыс мезгілінде батареялардың тиімділігі төмендейді: күн райы суығанда аккумуляторлардың қуаты тезірек таусылады. Ал жылыту жүйесі қосымша қуат тұтынады.

Бұған қоса батареялардың қызмет мерзімі шектеулі. Уақыт өте келе олардың қуаты төмендей береді. Яғни толық қуатта жұмыс істемейді. Бұл зарядтау жиілігінің артуына әкеледі. Батареяны ауыстыру — қымбат процесс. Сонымен қатар, ескі аккумуляторларды утилизациялау — бөлек экологиялық мәселе.

Сақтандыру мен жөндеу де қымбатқа түсуі мүмкін. Электромобильдердің қосалқы бөлшектері қымбат. Бұған қоса қызмет көрсетуге маманданған орталықтар көп емес.

Гибрид немесе электромобиль: қайсысы жақсы?

2024 жылы көптеген тұтынушылар үшін негізгі сұрақ — электромобиль ме, гибрид пе? Егер сіз күнделікті қала ішінде жүрсеңіз электромобиль тиімді. Бірақ егер жиі ұзақ жол жүріп, инфрақұрылым әлсіз аймақтарда өмір сүрсеңіз, гибрид оңтайлы шешім. Ол сізге электр режимінде де, бензинмен де жүруге мүмкіндік береді.

Экономикалық талдау

Экологиялық көлікті таңдау кезінде оның пайдалану тиімділігін бағалау өте маңызды. Электромобиль, гибрид және бензинмен жүретін көліктің 5 жыл ішінде шығынын салыстырып көрейік.

1. Бензинмен жүретін көлік (мысалы, Toyota Camry 2.5)

  • Бағасы: 15 млн теңге
  • Жанармай: айына 200 литр, 250 теңге/литр — жылына 600 000 теңге
  • Көлікке қызмет көрсетуге: жылына 100 000 теңге
  • Жалпы құны 5 жыл ішінде: 20 млн теңгеге жетеді

2. Электромобиль (мысалы, Tesla Model 3)

  • Бағасы: 20 млн теңге
  • Зарядтау: айына 10 000 теңге (20 кВт*ч, 50 теңге) — жылына 120 000 теңге
  • Көлікке қызмет көрсетуге: жылына 50 000 теңге
  • Жалпы құны 5 жыл ішінде: 21 млн теңге

3. Гибридті көлік (мысалы, Toyota Prius)

  • Бағасы: 18 млн теңге
  • Жанармай (гибрид): айына 100 литр, 250 теңге/литр — жылына 300 000 теңге
  • Көлікке қызмет көрсетуге: жылына 70 000 теңге
  • Жалпы құны 5 жыл ішінде: 19,5 млн теңге

Зарядтау инфрақұрылымы картасы

Қазақстандағы электромобильдер үшін инфрақұрылымның дамуы қазіргі уақытта өте қалыпты деңгейде жүріп жатыр. Алматы, Астана, Шымкент сияқты үлкен қалаларда зарядтау станцияларының желісі кеңейіп келеді. Алматыда 50-ден астам зарядтау станциясы бар. Бұл электромобиль иелеріне көліктерін зарядтау үшін ыңғайлы мүмкіндік береді. Астанада бұл көрсеткіш 30-дан асады, ал зарядтау орталықтарының саны артып келеді.

Қосымша, электромобиль иелері көптеген сауда орталықтарында, жанармай станцияларында және автотұрақтарда зарядтау құрылғыларын пайдалана алады.

Сатып алу кезінде кеңестер

Электромобиль немесе гибрид сатып алуды жоспарласаңыз, келесі кеңестер сізге дұрыс таңдау жасауға көмектеседі:

1. Жүріп өткен қашықтығын тексеріңіз: Электромобильдер мен гибридтерді сатып алғанда, олардың аккумуляторларының жағдайын тексеру өте маңызды.

2. Аккумуляторға ұзақ кепілдік беретін модельдерді таңдаңыз: Көптеген өндірушілер аккумуляторларына 8 жылға дейін кепілдік береді.

3. Зарядтау инфрақұрылымын ескеріңіз: Электр көліктерін сатып алғанда, сіздің аймағыңызда зарядтау станцияларының болуын тексеріңіз.

4. Жеңілдіктер мен субсидияларды қараңыз: Қазақстанда экологиялық көліктерді сатып алу кезінде жеңілдіктер мен субсидиялар болуы мүмкін, бұл бастапқы құнын едәуір азайтуы мүмкін.

Экологиялық көлік туралы мифтер

Экологиялық көліктер туралы бірнеше жалған түсініктер бар, олар адамдарды шатастыруы мүмкін:

  •  «Электромобильдер батареялардың өндірісінен экологиялық емес»: Батареяларды өндіру белгілі бір ресурстарды қажет етеді. Бірақ электромобильдердің пайдалану барысында олар бензинді көліктерге қарағанда әлдеқайда аз шығындылар шығарады.
  •  «Электромобильдердің батареялары тез отырып қалады»: Қазіргі замандағы аккумуляторлар ұзақ мерзімге жарамды.
  •  «Электромобильдер қауіпті, олардың батареялары жарылып кетуі мүмкін»: Бұл миф. Қазіргі электромобильдер қауіпсіздік тесттерінен өтеді және батареяның өртену қаупі өте төмен.

Болашақта батарея технологиясы дамып, зарядтау уақыты қысқарады, ал инфрақұрылым кеңейеді. Қазірдің өзінде қатты күйдегі батареялар өндірісі артты. Олар жеңіл, қауіпсіз және энергияны көбірек сақтай алады.

Сондай-ақ оқыңыз