
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелген. Алайда ресми түрде некеге отыруға деген құлшыныс өңірлерге қарай қатты өзгереді.
Ең төмен неке қию көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында (БҚО) тіркелген — әр 1000 адамға шаққанда небәрі 5,58 неке. Бұл — еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. Көрсеткішке қарап, бұл аймақта АХАЖ-ға баруға бел буатындар сирек деуге болады.
Ал неке саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер:
- Астана қаласы — 1000 адамға 7,34 неке,
- Алматы облысы — 6,98,
- Ұлытау облысы — 6,70.
Үйленуге ең қолайлы уақыт — шілде айы. Жылдың дәл осы айында 13 739 нeке тіркелсе, ең аз неке мамырда — 8453 болған.
Жас шамасына келсек, қазақстандықтар көбіне 20–24 жас аралығында некеге отырады. Ал алғаш рет үйлену жасы: ер адамдарда — орта есеппен 27,9 жас, әйелдерде — 25,2 жас.
Сонымен қатар некелескендердің 41%-ы қыз-келіншектер мен 38%-ы ер азаматтар жоғары білімге ие болған. Ал тіркелген некелердің 18,2%-ы — ұлтаралық неке, яғни ерлі-зайыптылар әртүрлі этностардан шыққан.
2024 жылы сонымен қатар 40 500 ажырасу тіркелген. Бұл ретте қалалық жерлер «көш бастап тұр»: ажырасулардың 74,4%-ы (30 100 жағдай) қалаларда орын алса, ауылдық жерлерде — 25,6% немесе 10 400 жағдай.
Еліміз бойынша орташа ажырасу коэффициенті — әр 1000 адамға шаққанда 2,01. Бірақ бұл көрсеткіш те өңірге байланысты өзгеріп отырады:
- Шығыс Қазақстан облысы — 3,12
- Қарағанды облысы — 3,11
- Павлодар облысы — 3,09
Ал ең төмен ажырасу деңгейі Түркістан облысында — әр 1000 адамға шаққанда небәрі 0,90.
Осылайша, Қазақстанда неке мен ажырасу көрсеткіштері тек жеке сезімге ғана емес, сонымен бірге өңірлік ерекшеліктерге де байланысты. Кей жерде жастар үйленуге құлшынысты болса, кей аймақтарда ажырасу жиі орын алады. Ал БҚО секілді өңірлерде екі шешімге де асықпайтындар көп.
Еске сала кетейік, бұған дейін ажырасқандарға салынатын салық көбейетіндігі туралы жазған едік.