Тоқаев легионерлерге қатысты жаңа заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Құжат елдегі спорт саласының даму бағытын жүйелеп, тиімділігін арттыруды мақсат етеді.
Басым спорт түрлері анықталады
Жаңа заңға сәйкес, енді уәкілетті орган республикалық және өңірлік деңгейде басым спорт түрлерінің тізімін дайындайды. Сондай-ақ жоғары жетістіктер спортына жататын бағыттар нақтыланып, оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тәртібі белгіленеді.
Басым спорт түрлері халықаралық ареналардағы жетістіктерге қарай анықталады. Бұл қатарға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері мен ұлттық спорттар енеді.
Федерациялар құрылымы өзгереді
Заңда спорт федерацияларын ұлттық және жергілікті деп екіге бөлу тәртібі қарастырылған. Бұл спорт түрлерін басқару жүйесін нақтылап, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейді
Маңызды өзгерістердің бірі – шетелдік спортшыларды (легионерлерді) бюджеттен немесе квазимемлекеттік сектор қаражатынан қаржыландыруға тыйым салынады. Бұл ішкі спорт резервін дамытуға және жергілікті спортшыларға көбірек мүмкіндік беруге бағытталған.
Қаржыландырудың жаңа жүйесі
Бюджет қаражаты тек төрт негізгі бағытқа жұмсалады:
1. Жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде басым спорт түрлері;
2. Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметі;
3. Бұқаралық спортты дамыту;
4. Спорттық инфрақұрылымды жетілдіру.
Ұлттық стандарт енгізіледі
Заңда «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы алғаш рет заңдық деңгейде бекітілді. Бұл – спортшыларды ұлттық құндылықтарға сай тәрбиелеп, олардың бойына салт-дәстүрімізге негізделген рухани негіз беру мақсатында бірыңғай оқыту стандартын әзірлеуді көздейді.
Допингке қарсы бақылау күшейтіледі
Допингке қарсы ережелерді бұзған жағдайда шара қабылдау құқығы енді уәкілетті органның құзырына беріледі. Бұл спорттағы әділеттілік пен тазалықты сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.