
Армения Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қоюға дайын. Бұл туралы парламентте елдің премьер-министрі Никол Пашинян айтқан.
«Біз Әзербайжанның ЕҚЫҰ-ның Минск тобын тарату жөніндегі күн тәртібін түсінеміз. Шынымен, біз Таулы Қарабақ жанжалына нүкте қоюды ойластырып жатқанда, ол конфликтті реттейтін құжат бізге не үшін қажет?! Десе де, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының де-факто контексі ауқымдырақ. Біз Әзeрбайжанның қақтығысты өз аумағынан, Арменияға көшірмейтініне сенімді болуымыз керек. Біз бейбітшілік туралы келісім туралы құжатқа және ЕҚЫҰ-ның Минск тобын тарату туралы құжатқа бір күнде, бір мезгілде қол қоюымыз керек», – деген Пашинян.
Сонымен қатар премьер-министр Бакудің конституцияны өзгерту туралы талабының негізсіз екенін айтқан. Елдің Конституциясында «Бакуге қатысты аумақтық талаптар жоқ» екенін мәлімдеген.
«Армения мен Әзербайжан халқы соғысты қаламайды, олар бейбітшілікке лайық», – деп мәлімдеген Армения премьер-министрі.
Айта кетейік, бұған дейін Баку бейбіт келісімге қол қою үшін Арменияға конституциясын өзгертуді ұсынған. Өйткені бұл құжатта Таулы Қарабаққа қатысты Тәуелсіздік Декларациясына сілтеме көрсетілген.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде Таулы Қарабақтағы қақтығыс тоқтап, Таулы Қарабақ өкілдері капитуляция жасады. Бұған армяндықтар қарсы шығып, Пашинянның орнынан кетуін талап етіп, митингтер ұйымдастырды. Әзербайжанмен соғыста жеңілгенін қабылдағысы келмеген халық Таулы Қарабақ үшін 30 жыл күрескенін айтып, Пашинянның отставкаға кетуін талап етті.