Экология министрі өңірлерде киіктердің неден қырылып жатқанын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің редакторы
Министр қазақ даласында 21 мыңнан астам киік қырылғанын айтты / Фото: facebook.com/januarlaralmi

Жалпы, осы көктемде қазақ даласында 21 мыңнан астам киік қырылған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімет сағатынан кейін өткен брифингте айтты.

Министрдің айтуынша, киіктердің қырылуына ешқандай ауру әсер етпеген.

«Бұл өзі табиғи көрініс. Жалпы алғанда киіктің өмір сүру ұзақтығы 4-5 жыл. Ең көп дегенде 8-10 жыл өмір сүреді. Ауру және ақсақ-тоқсақ киіктер қыстан шыға алмайды. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атыра, Қостанай, Ұлытау, Қарағанды облыстарында табылған өлекселередің саны 21 400 басты құрады. Ең көбі Ұлытау облысында анықталып отыр, 15 мыңды құрады. Ветеринарлық қызмет талдау жүргізді ешқандай қауіпті ауру анықталған жоқ», – деді министр.

Биыл неге әдеттегіден көп киіктің қыстан шыға алмағанын министр киік санының көптігімен байланыстырады.

«Биыл неге киіктердің қырылғаны көзге көріне бастады? Өйткені табиғи құбылыс жыл сайын киік аналықтары 10 пайызға дейін қырылып, қыстан шықпайды. Желтоқсан айында күйікке түскен еркек киіктер де қырылып жатады», – деді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 4 млн бас киік бар. Бұл өте көп саналады. Енді олардың санын реттеу мәселесі тұр. Бұл мәселені министрлік ғалымдармен ақылдаса отырып шешпек.

«Ғалымдардың жауабын күтіп отырмыз. Мамыр айының санағы бойынша елде 4 млн бас киік бар. Алдағы аптаның ортасында ғалымдардың жауабы белгілі болады», – деді Нысанбаев.

Сонымен бірге министр киіктерді ату мәселесі әлі де күн тәртібінде қаралатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз