Бюджет қаржысынан 1,5 млрд теңге жымқырған шенеунік қамауға алынды

Бюджет қаржысынан 1,5 млрд теңге жымқырған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы шенеунігі ұсталып, екі айға қамалды.
Мәслихат депутаты күдікті
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, ол субсидиялармен алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр. Алматы облысы бойынша ҚМА департаменті мәслихат депутаты Б.Әбішев пен өзге де тұлғаларға қатысты істі тергеген. Оларға бюджет қаржысын жымқырып, ақша жылыстату бойынша айып тақты. Және бірқатар жаңа деректерді ашқан.
Ұсталған шенеунік кім?
«Тергеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір департаментінің бұрынғы директоры Б. Айымбетовтің қатысы анықталды. 2018 -2022 жылдары ол Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидия алу кезінде алаяқтық іске қатысқан», – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Алаяқтық қалай жасалған?
Агенттіктің ақпаратына қарағанда, Әбішев пен Айымбетов 29 шаруа қожалығының электронды қолтаңбасын қолданып, таңқурайдың таңдаулы сорттарының көшеттерін алдық деп жалған құжат жасаған. Осы арқылы бюджет қаржысынан 1,5 млрд теңге субсидия алған.
Тергеу жалғасуда
Тергеу соты Айымбетовті 2 айға қамауға алуға санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.
«Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын ҚМА халыққа қарыз ақша беріп келген ұйымдардың алаяқтықпен айналысқанын анықтаған еді.