Ғалымдар түсіп қалған тісті қайта өсіріп шығарды

Жарияланды 15 Сәуір 2025 10:55

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Ғалымдар тістің қалыптасуына қажет ортаға ұқсайтын арнайы материал жасаған.
Ғалымдар тістің қалыптасуына қажет ортаға ұқсайтын арнайы материал жасаған./фото: shutterstock

Ғалымдар түсіп қалған тісті қайта өсіріп шығармақ. King’s College London зерттеушілері тісті зертханада өсіріп шығарған.

The Telegraph ақпаратына қарағанда, бұған ғылымда алғаш рет қол жеткізіліп отыр.

Тіс емдеуді түбегейлі өзгертеді

Бұл жаңалықтың маңыздылығы орасан. Өйткені болашақта адамдар түсіп қалған тістерін табиғи жолмен қайта өсіруге мүмкіндік туып отыр.

Ғалымдар тістің қалыптасуына қажет ортаға ұқсас арнайы материал жасаған. Содан кейін тіс жасушаларының өзара байланысып, дамуына жол ашқан.

King’s College университетінің регенеративті стоматология директоры Ана Анжелова Волпонидің пікірінше, бұл жаңалық стоматологияны түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Имплант пен пломбаға балама

Ғалымдар мұндай тістерді адамның өз жасушаларынан жасайды. Жақ сүйекке табиғи түрде бейімдеп, өздігінен қалпына келтірмек. Пломбалар мен импланттармен салыстырғанда, бұл әлдеқайда төзімді әрі табиғи тіс болып шығады.

Бұған дейінгі талпыныстар сәтсіздікке ұшырап келген. Тісті зертханада өсіру әрекеттері нәтиже бермеген еді. Өйткені жасушалар арасында байланыс орнатудың сәті түспеген.

Тіс өсірудің екі тәсілі

Ұлыбритания ғалымдары қазір екі тәсіл қарастырып жатыр. Біріншісі – тісті зертханада толық өсіріп, кейін жаққа отырғызу. Екіншісі – тіс дамуының бастапқы кезеңіндегі жасушаларды тікелей жақ сүйекке енгізіп, оның сол жерде өсіп-жетілуіне жағдай жасау.

Зерттеуге Imperial College London ғалымдары да қатысқан. Жұмысқа он жылдан астам уақыт кетіпті.

Стоматологияның жаңа дәуірі

Ғалымдардың айтуынша, тіс өсірудің адам үшін пайдасы зор.

 «Пломбалар уақыт өте келе тісті әлсіретіп, қайта шіруге немесе сезімталдыққа әкелуі мүмкін. Имплант қою — күрделі операция. Ал зертханада өсірілген тіс табиғи жолмен өсіп, нағыз тіс сияқты жұмыс істейді. Бұл – стоматология үшін жаңа дәуірдің бастауы», – дейді зерттеуші Сюэчэнь Чжан.

Мұның алдында ғалымдар динозаврлардың жойылуына қатысты аңызды жоққа шығарған еді

Сондай-ақ оқыңыз