Кіші Аралға артық су келеді деген бос әңгіме – Нариман Қыпшақбаев

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.
Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов.

Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес. Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев осылай деп мәлімдеді.

Өйткені Сырдария өзенінің бойындағы төрт мемлекеттің суға деген сұранысы үш есе артқанын алға тартып отыр.

Орталық Азияда халық саны артып жатыр

«Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес. Су мол келген күннің өзінде 30 млрд-тан артық жинай алмаймыз. Өйткені Сырдарияның жалпы су көлемі – 37 млрд текше метр. Бүгінде өзен бойындағы 4 мемлекеттің суға деген сұранысы 3 есе артып кетті. 100 млрд су сұрап отыр», – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Мұның себебі де бар. Халық саны Орталық Азияда күн санап көбейіп жатыр. Жаңадан зауыт-фабрикалар бой көтерген. Қалалар ұлғайып, жаңа елдімекендер салыну үстінде.

«Одан артық су келеді деген бос әңгіме», – дейді экс-министр.

Тосын идея

Сондықтан ол Арал теңізінің бір бөлігін сақтап қалу үшін тосын идея ұсынып отыр. Оның пікірінше, Үлкен Арал мен Солтүстік Арал теңізін бөліп тұрған бөгет – Көкаралды 2 метрге дейін биіктетуді ұсынды.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев Арал теңізін сақтау үшін Көкарал бөгетін 2 метрге көтеруді ұсынды. Себебі Сырдария өзенінің су көлемі тұрақты емес. 4-5 жыл қатарынан су аз келуы ықтимал.

Нариман Қыпшақбаев «Кіші Арал» жобасын 1988 жылы бастағанын алға тартып отыр. 2006 жылға дейін Арал теңізінен бір де бір шабақ ауланбаған.  Балықшылар жан-жаққа көшіп кеткен еді.

Бөгетті көтеру не үшін керек?

«Біз 12 шақырым бөгетті салғалы теңіздің су тұщыланып, қазір жылына 8-10 тонна балық аулайтын болды. Арал қаласында 8 балық зауыты салынды. Яғни бөгет өзінің керек екенін дәлелдеді. Енді тек сол бөгетті 2 метрге көтеріп, беріктігін нығайту керек», – деді экс-министр.

Сонда Кіші Аралға су мол келген жылдары қор жиналады.

Бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр

Айта кететін жайт, Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының бірнеше нұсқасын пысықтап жатыр. Арал ауданының тұрғындарымен қоғамдық талқылау өткізген. Жоба Солтүстік Кіші Аралдың сақталуын көздейді. Сонымен қатар судың тұзының азаюына және экологиялық жағдайдың жақсаруына түрткі болмақ.

Көкарал бөгеті Кіші Арал суының деңгейін сақтап қалу үшін 2025 жылы салынған болатын.  

2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтіліп отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз