Бұғатталған 4000 сайт. Көлеңкедегі букмекерлерді қалай тізгіндейміз?

Министрліктің ресми мәліметіне сенсек, елімізде лицензия алып, тіркелген 13 букмекерлік кеңсе бар. Ал заңсыз көлеңкеде істейтін операторлар саны 4000-ға жетеді. Олар салық төлемейді, мемлекет пен ойыншы алдында ешбір жауапкершілігі жоқ. Қазір парламент осы бизнесті реттеу үшін заңнаманы күшейтіп жатыр. Сыртқы жарнамаға, мемқызметкерлер мен әскерилерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салды. Енді букмекерлердің қаржы айналымын бақылайтын жаңа орган құрылмақшы. Бірақ сарапшылар жаңа өзгерістер заңды ойыншылардың тынысын тарылтып, көлеңкедегі букмекерлердің көбеюіне себепкер болатынын айтады. Заңсыз букмекерлермен күресудің шешімі бар ма? Құмар ойын нарығын ашық әрі қоғам үшін тиімді ету үшін не істеуге болады?
Ел үкіметі құмар ойын нарығын бақылауды екі мыңыншы жылдардан бастаған. 2007 жылы 12 қаңтарда «Ойын бизнесі туралы заң» қабылданды. Алғашқы букмекер кеңселер де сол жылдары Алматы мен Астанада ашылған еді. Бірақ үлкен өзгеріс 2009 жылы болды. Мемлекет Қазақстанда жаңа Макао жасамақ болып, казино мен ойын автоматтарын Қапшағай, Бурабайға ауыстырды. 12 жылдан кейін (2021 ж) букмекер кеңселердің (БК) кассалары да арнайы аймақтарға көшірілуге тиіс деген талап қойылды. Сарапшылар осы екі «көш» заңсыз букмекер кеңселердің көбеюіне әсерін тигізді деп отыр.
«Заңды бизнесті Қапшағай және Бурабайдағы ойын аумағына жіберді. Осы кезде барлық күш онлайн бизнеске ауысты. Қапшағайға бәс тігу үшін бәрі бара бермейді ғой. Ол уақытта депутаттардың алдында көлеңкеден шығару деген сұрақ болған жоқ. Олар тек ойын бизнесінің халыққа ықпалын, әсерін азайту деген мақсат қойды. Барлығы онлайнға ауысса, өте қиын болады, адамдарға әлдеқайда қолжетімді бола түседі дедік. Заңсыз операторлар көбейетін еді. [Депутаттар – ред.] Сенбеді, заңды жүзеге асырды. Онлайндағы заңсыз ойыншылар көбейді», – дейді Gambling Consulting Authority құмар ойынды дамытудағы консалтинг компанияның серіктесі Ғалымжан Дуамбеков. Бұған дейін ол елдегі букмекерлер қауымдастығының жетекшісі болған.

Kursiv.Media сауал жіберген Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде заңды түрде тіркелген 12 букмекерлік кеңсе (БК) бар. 2021 жылдың басында елімізде 38 БК болса, 2023 жылы олардың саны 16-ға азайды (Мәдениет және спорт министрлігі, 2023 жыл). Олардың ішінде 15-і лицензиясын өз еркімен тапсырған, ал бесеуі сот шешімімен жабылды. «Ойын бизнесі туралы заңға» сәйкес әрбір БК мемлекетте тіркеліп, 10 жыл мерзімге лицензия беріледі.
Былтыр ресми БК бюджетке 67,1 млрд теңге салық төлеген. Миллиардтап құяды десек те, сома әлдеқайда көп болуға тиіс. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, олардың айналымы триллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ оның бәрінен салық төленбейді, себебі көпшілік БК көлеңкеде жұмыс істейді. 2023 жылы Туризм және спорт министрлігі 4 мыңнан аса заңсыз онлайн-казино мен букмекер кеңселердің сайтын бұғаттаған.
«Букмекерлер қауымдастықтың басшысы болғанда заңсыз бизнеспен де күрестік. Спорт және туризм министрлігіне заңсыз БК сайттарының тізімін жіберетінбіз. 2024 жылы 4000-6000 аралығындағы [заңсыз – ред.] сайт бұғатталды деп есеп берілді. Ойлап қараңызшы, 4000 заңсыз бизнес және тіркелген 13 заңды букмекер және ол тек табылғандары ғана. Бір компания бір күнде бірнеше дубль сайт жасай береді. Кімнің ықпалы көбірек болады?», – дейді Ғалымжан Дуамбеков.
Заңсыз букмекерлермен күрес желге қарсы жүрумен тең екенін министрлік те мойындап отыр.
«Интернет-казино мен заңсыз букмекер кеңселердің қызметі – өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда онлайн-казиноға тыйым салынған, ал букмекер қызметті жүзеге асыру үшін лицензия қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселенің әмбебап шешімі жоқ. Ғаламтордағы қатаң цензураға қарамастан, интернет-казино көптеген елдерде өркендеп келеді», – деген еді былтыр сол кездегі Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев.
Gambling Consulting Authority құмар ойын дамытудағы консалтинг компания мамандарының есептеуінше, көлеңкедегі букмекерлер бюджетке келтірген шығыны заңды букмекерлердің айналымымен бірдей. Сарапшы Ғалымжан Дуамбековтың пікірінше, 2024 жылы қазынаға 67 млрд теңге салық түссе, дәл сондай көлемдегі қаражат заңсыз букмекерлердің өзінде қалып отыр, тіпті одан да көп болуы мүмкін.
Мемлекет нарықты қалай бақыламақ?
Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті букмекер кеңселер мен тотализаторлардың қаржы айналымын ашық бақылау үшін Бәс тігулерді есепке алудың бірыңғай жүйесі (БЕБЖ) енгізілетінін хабарлады. Осы жүйе арқылы нарықтағы барлық бәс тігуді қадағалап, салық түсімін арттырамыз, көлеңкедегі ойыншылармен күресеміз деген жоспар қойды. Сөз жүзінде тиімді әрі қажет жүйе. Бірақ кей тұстары толық ескерілмеген.
Мәселен, мемлекет бәс тігу, қаржы төлеу процесін толық бақылауға алмақшы. БК-лар күн сайын ойыншылардың бәсі, жеңісі және төленген салық туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберу керек. Ал бәс тігулерге деген талап қатаңдаған сайын, кейбір букмекер кеңселер нарықтан шығып, заңсыз онлайн платформаларға жол ашылады. Ол тиісінше бюджетке түсетін салықтың азаюына әкелуі ықтимал.
Дәл осындай жүйе 2015 жылы Ресейде қалыптасқан. Сол жылы Интерактивті бәс аударымдарын есепке алатын екі орталық пайда болды. Олардың операторы ретінде «Мобильная карта» және QIWI тәрізді компаниялар бекітілген.
Қазақстан да дәл осындай модельмен жұмыс істемек. Жүйе мемлекеттік бақылауда болғанымен, оның жұмысын жеке компания үйлестіреді, яғни букмекерлер мен ойыншылар арасындағы барлық қаржы айналымы, жеке мәлімет толығымен бір компанияның уысында болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) атап өтуінше, бұл жүйе үшін бюджеттен ешбір қаржы қарастырылмаған. Керісінше, БК табысының 4%-ын бөледі деген уәж айтады. Бұған қарап утиль алымдарын жинаған даулы компания тәрізді тағы бір орган пайда бола ма деген қауіп туындайды.
Ол компанияның кімге есеп беретіні, қандай механизммен жұмыс істейтіні анық емес. Онсызда казино мен букмекерлердің деректері МКК мен Қаржы мониторингі агенттігінің жүйесіне интеграцияланған. Ендеше дәл осы алгоритмді қайталайтын екінші база құрудың не қажеті бар деген сұрақ та нарық қатысушыларын мазалайды. Әзірге бұл орталықтың жұмысы қай кезде басталатын белгісіз.
«Мемлекеттік орган, депутаттар тарапынан жаңа бастамалар көтеріліп жатыр. Ешкімді ренжітіп, біліксіз дегім келмейді. Бірақ бізде толық зерттеу жүргізілмегені рас. Елдегі мәселе қандай, басқа елдер қалай күресіп жатыр – ол қаралған жоқ. Салық саясатын қатаңдату да – бизнесте табысты азайтады. Ондайда бизнеске қайтадан көлеңкеде істеген тиімді болады. Заңсыз істегенде табыс көбейеді және ол заңсыз әрекеттен туындайтын тәуекелді толық жабады», – дейді Ғалымжан Дуамбеков.
Оның сөзінше, Қапшағай мен Бурабайға көшіру тәрізді қазіргі өзгерістердің де теріс салдары болашақта шығады.
Салықтық әкімшілікті жақсарту, нарықты дамыту
«Көлеңкедегі букмекерлермен күресудің ең тиімді әдісі – лицензия алған, заңды түрде жұмыс істейтін жергілікті операторларды дамыту. Себебі ойын бизнесі бүгінде экономиканың бір бөлігіне айналған»,– дейді Грузиядағы Букмекерлер қауымдастығының жетекшісі Григорий Мамуашвили. Оның сөзінше, заңды жұмыс істейтін операторларды шектеген сайын мемлекет заңсыз букмекерлердің көбеюіне мүмкіндік береді.

Қазір Мамуашвили басқаратын қауымдастыққа заңды түрде 74 оператор тіркелген, оның ішінде онлайн-казино да, букмекер кеңселер де бар. 2022 жылы елде букмекерлердің сыртқы жарнамасына тыйым салып, жас шектеуін енгізді. Грузия жастары 25 жастан бастап қана бәс тіге алатын болды. Мемлекет жас аудиторияны құмар ойындардан алыстатуға тырысты, бірақ жағдай басқаша өзгерді.
«Олар – интернет ұрпағы. VPN арқылы онлайн, крипто-казиноны пайдалана алады, онлайн-әмиян арқылы бәс тігеді. Болжаммен есептесек заң қабылданғаннан кейінгі екі жылда жергілікті операторлар 20% қолданушысынан айырылды. Ойнауға тыйым салғандар жай ғана басқа көлеңкелі нарыққа немесе шетелдік ойыншыларға кетті. Қомақты ақша айналымы да сол нарыққа ауысты деген сөз», – деді ол елдегі өзгеріс жайлы
2019 жылы Арменияда букмекер кеңселердің санын шектеу туралы заңға өзгеріс енгізді. Бірақ бұл елдегі құмар ойын нарығын азайтуға айтарлықтай әсер ете алмаған тәрізді. Заң қабылданған соң, оффлайндағы букмекерлер онлайнға ауысып кетті. Армения қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жалпы бәс көлемі 6 есе өскен. Армениядағы онлайн-казино айналымы мемлекеттік бюджеттің шығынынан асып (4,5 млрд доллар), ЖІӨ-нің 25-30%-ын құрады.
«Қазіргі уақытта заңсыз онлайн операторлардың әрекетіне шектеу қоятындай нақты бір әдіс жоқ. Ең тиімдісі Еуропа мен Америкадағыдай – жергілікті, заңды жұмыс істейтін операторларды дамыту. Салық көтеріп немесе басқа да қатаң ережелер орнатқанда операторлар бар ресурсын сол режимге бейімделуге жұмсайды. Соған дейінгі жағдайында қалуға тырысып жатқанда, көлеңкедегі операторлар тікелей нарықты жаулап ала салады», – деп түсіндіреді Григорий Мамуашвили.
Заңды операторлар «жауапты ойын» саясатын ұстануға міндетті. Егер жеңісті төлеуге қатысты келіспеушілік туындаса, ойыншылар шағым түсіре алады. Ал көлеңкедегі ойыншылармен бұл алгоритммен жұмыс істеу мүмкін емес, олар кез келген уақытты бәс төлемей қоя салады.
Спортты қолдау
Жергілікті операторлардың дамуы елдегі спорт саласына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы спортқа белсенді қолдау көрсететін букмекер кеңселер ретінде Olimpbet және 1xBet-ті айтуға болады. Алғашқысы 2020 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясымен серіктес болып келеді. Чемпионаттарға демеуші, шетелдік турнирлердің трансляцияларын сатып алады. Одан бөлек киберспорт, бәйге спортына да демеуші болған. Тағы бір компания 1xBet хоккей клубтарына демеушілік етеді.
Біз букмекер кеңселердің қазақстандық спортқа қанша көлемде қаржы бөлетінін анықтау үшін оларға сауал жібердік. Бірақ Olimpbet те, Қазақстан футбол федерациясы да жауап бермеді. Дегенмен 2023 жылы мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы беттинг-компаниялар қазақстандық спортқа 14 млн доллар немесе 6,5 млрд теңге көлемінде демеушілік көрсетті деп мәлімдеген еді.
Елімізде тіркелген 13 букмекер кеңсенің бірнешеуі ғана спортқа демеушілік етеді. Бұған себеп – Ойын бизнесі туралы заңда спортқа міндетті түрде қолдау көрсету туралы бап жоқ.
Кей елдерде букмекер кеңселерді ұлттық спортты қаржыландыруға міндеттейтін заң бар. Мысалы, Францияда 2010 жылы қабылданған заң бойынша, құмар ойын операторлары өз табысының белгілі бір пайызын ұлттық спорт федерацияларына аударуға міндетті. Бұл қаражат спортты дамытуға және ұйымдастыруға жұмсалады.
Ресейде букмекер кеңселердің ұлттық спортты қаржыландыруы заңмен реттелген. 2017 жылы енгізілген федералдық заңға сәйкес, букмекер компаниялар өз табысының 5%-ын немесе тоқсанына кемінде 15 миллион рубльді бүкілресейлік спорт лигалары мен федерацияларына аударуға міндетті. Бұл қаражаттың 20%-ы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, ал қалған 80%-ы кәсіби спортты қолдауға бағытталады.
«Букмекер кеңселер үшін спортты қолдау маңызды. Шетелдік турнирлер мен чемпионаттарға қарағанда жергілікті спорт клубтарына көбірек назар аударады. Жергілікті спорттың қызу дамығаны оларға да керек. Букмекерлердің өздері спортты дамытуға мүдделі», – дейді Ғалым Дуамбеков.
Түсіндіре өтсек, жергілікті букмекер кеңселер нарығы заңды жұмыс істеп, дамыған сайын параллель түрде қазақстандық спортқа да қомақты қаржы түсіп отырады.
Ұлттық құрылтайда президенттің «клубтар жергілікті бюджетке сүйенбеуі керек» деген сөзінен кейін елдегі жеті клубты қазынадан қаржыландыру тоқтайтыны белгілі болды. Осы уақытқа дейін «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран», «Шахтер» және «Каспий» тәрізді футбол клубтары үшін миллиардтаған қаржы бөлініп келді. Енді олар жекеменшікке өтіп, өз бетінше табыс табуға ұмтылуы керек.
«Федерацияға футбол чемпионатын өткізуге, клубтарды дамыту үшін де қыруар қаржы керек. Оны тек билет сатқаннан жинай алмайсыз. Жарнаманы кімге сатады? Қандай компанияға? Бізде футбол матчын көру мәдениеті аса қатты дами қойған жоқ. Чемпионат өткізуге де, оны жарнамалауға да қыруар қаражат керек. Оны тек букмекер кеңселер ғана қаржыландыра алады», – дейді Ғалымжан Дуамбеков.
Лудоманиямен күрес – мемлекеттен букмекерлерге
Әлбетте, ойын бизнесін дамытудың екінші ұшы бар. Құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания артады. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психиатриялық диагноз деп тапқан. Қазақстанда лудоманиямен ауыратындар жайлы нақты статистика жоқ. Былтыр экс-депутат Руслан Берденов елде 350 мың лудоман бар деген цифрды айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде ойынқұмар 36 мың адам бар. Ал ресми түрде «лудомания» деген диагноз 9 адамға ғана қойылды.
2026 жылға дейін Қазақстан билігі құмар ойындарға тәуелді адамдардың санын екі есе қысқартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта лудомандарды тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтері мемлекет есебінен ұсынылады. Бұл шараға бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Бірақ халықаралық тәжірибеде мұндай шаралардың барлығын букмекер компаниялар қаржыландырады. 2024 жылдың қарашасында Ұлыбритания үкіметі букмекер компаниялар үшін міндетті төлем енгізді. Бұл төлем бұрынғы ерікті жарналардың орнына келіп, жылына шамамен 100 млн еуро түсім әкеледі деген болжам бар. Ол қаражат зерттеулерге, алдын алу шараларына және құмар ойындарға тәуелділікті емдеуге жұмсалады. Ұлыбританияның Bet365, Flutter, GVC, Sky Betting and Gaming және William Hill секілді бес ірі букмекер компаниясы құмар ойындарға тәуелділікпен күрес үшін жарналарын жылдық табыстарының 1%-ына дейін ұлғайтты.
Францияда құмар ойын операторлары бәс тігулерден түскен кірістің белгілі бір пайызын лудоманиямен күреске бөледі. Осы қаражаттың арқасында ADDICTEL және SOS Joueurs сияқты ұйымдар тәуелді ойыншыларға тегін психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеді. Швецияда да осындай тәжірибе бар, бұл елде лицензияланған барлық құмар ойын операторлары арнайы қорға міндетті түрде жарна аударады. Мемлекеттік Spelinspektionen агенттігі осы қаржыны лудоманияға қарсы бағдарламаларға, зерттеулерге және тәуелді ойыншыларға қолдау көрсетуге бағыттайды.
Қазақстанда букмекерлердің міндетті түрде лудоманияға қарсы ақша бөлуі туралы заң жоқ, бірақ жаңа реттеу шаралары аясында бұл мәселе қарастырылып жатыр. Егер Қазақстан халықаралық тәжірибені енгізсе, букмекер кеңселер мен казинолар лудоманияға қарсы арнайы қорға қаржы бөліп, тәуелділікті емдеу бағдарламаларын қолдауға міндеттелуі мүмкін.
Кейбір букмекер кеңселер лудоманияға қарсы күреске қаржы бөлуді қосымша шығын ретінде қабылдап, оған қарсы болуы мүмкін. Екінші жағынан, бұл жүйе нарықтың ашықтығын арттырып, сенімділікті күшейтеді. Егер шаралар енгізілсе, Қазақстанда бәс тігу индустриясы заңды, ашық әрі қауіпсіз болады. Ойыншылар заңсыз, бақыланбайтын платформалардан гөрі, сенімді, мемлекеттік реттеуден өткен операторларға жүгінеді.
Мемлекет, шенеуніктер соңғы жылдары ойын бизнесін барынша қатаңдату жайлы жиі айтады. Нарық қатысушылары мұның салдары қиын болады деген уәжін білдіріп отыр.
«Шенеуніктер электорат алдында оң ұпай жинау үшін популистік сөздерді де айта береді. Бірақ сол бастамалардан кейін болатын өзгерістерге жауапкершілік алмайды. Әкімшілендіруі қиын заң тек зиян келтіреді. Егер заңды орындау қиын болса, ол көлеңкелі нарықтың дамуына жол ашады», – дейді Григорий Мамуашвили.
СОНЫМЕН, БІЗ ҰСЫНАТЫН ШЕШІМ ҚАНДАЙ?
Нарықта жергілікті ойын операторларының дамуына ықпал ету. Сарапшылар – көлеңкелі букмекерлерді тізгіндеудің бір жолы – заңды ойыншыларды дамыту дейді. Нарық неғұрлым ашық жұмыс істеген сайын, көлеңкедегі қатысушылар да нарыққа араласа бастайды.
Салықтық әкімшілікті жетілдіру. Қазір букмекерлер үшін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығын көтермекші. Бірақ нарық қатысушылары ойын бизнесі тауар немесе қызмет өндірмейтіндіктер, ҚҚС салығын төлеудің қажетін түсінбейміз дейді. Ғалымжан Дуамбековтың сөзінше, қазір букмекерлер төлейтін салықтық жүктеме 43%-ды құрайды. Егер жаңа Салық кодексі туралы заң қабылданса, ол жүктеме 63%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл көптеген ойыншылардың қайтадан көлеңкеге кетуіне себеп болады. Осы орайда салық жүктемесін өзгеріссіз қалдыра отырып, салықтық әкімшілікті оңтайландыру ұсынылады. Бұл салық жүктемесі азаяды деген сөз емес, бірақ ойыншылар үшін салық жүйесі ашық бола түседі.
Заңнамада букмекерлік кеңселерді ұлттық спорт түрлерін қолдауға міндетті ететін пункт қосу. Бұл әлемнің көптеген елдерінде бар тәжірибе, осы арқылы елдегі спорт саласына қаржыландыру артады. Спортқа бөлінетін мемлекеттік шығындар қысқаруы мүмкін, себебі букмекерлердің қолдауы бұл саланың өзін-өзі қаржыландыруына көмектеседі. Жергілікті спорт нарығының дамуына, белсенді болуына букмекерлік кеңселер де мүдделі. Жалпы бұл екі тарап үшін де қолайлы болар еді.
Егер букмекерлер заңды түрде спортты қаржыландыруға міндеттелсе, мемлекет оларға сенімді серіктес ретінде қарайды. Бұл саладағы операторлардың мәртебесін нығайтып, заңсыз бәс тігу нарығын азайтады. Букмекерлер белгілі спорт клубтары мен іс-шараларды қаржыландыру арқылы өз брендін кеңінен насихаттай алады. Бұл жаңа ойыншыларды тартуға және аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Егер букмекерлер ресми түрде спортты қаржыландырып, әлеуметтік жауапкершілік танытса, олардың қызметіне деген сенім күшейеді. Нәтижесінде, ойыншылар көлеңкелі платформалардан гөрі заңды операторларды таңдай бастайды.
Букмекерлік кеңселерге лудоманияға қарсы қорға жарна қосуға міндеттеу. Мәселен, Ұлыбританияда букмекерлер жылдық табысының 1%-ын салады. Бұл жүйе нарықтың айқындығын қамтамасыз етіп, сенімділікті арттырады. Егер жаңа ережелер толықтай іске қосылса, Қазақстанда бәс тігу саласы заңды, ашық және қауіпсіз бола түседі. Ойыншылар бақылаусыз, көлеңкелі платформалардан гөрі, мемлекет тарапынан реттелетін сенімді операторларды таңдайтын болады.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және спикерлер мен автордың жеке көзқарасын білдіреді.