Еуразиялық даму банкі ел экономикасына 1,4 млрд доллар инвестициялады

Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов Тоқаевпен кездесіп, банктің қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.
Өткен жылы банк Қазақстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция салған. Ал қазақстандық жобалардың банк портфеліндегі үлесі 60%-ға жетті.
«Қазақстан Республикасы бойынша 2022–2026 жылдарға арналған стратегияны іске асыру басталғалы бері ЕАБР 3,8 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық жоспарды мерзімінен бұрын орындады. 2025 жылы қаралу үстіндегі жобалардың жалпы сомасы 4,5 млрд доллардан асады», – деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.
1 млрд доллардан астам инвестицияны инфрақұрылымдық және энергетикалық нысандарды жаңғыртуға, жаңартылатын энергия көздерін, көлік пен логистиканы дамытуға (оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды қайта жөндеуге), сондай-ақ өнеркәсіп пен цифрлық технологияларға бағыттау жоспарланып отыр.
Николай Подгузовтың айтуынша, биыл ЕДБ Қазақстанның қаржы нарығын дамытуға және инвестиция тартуға жәрдемдесуді жалғастырады. Бұл жұмыстар серіктестермен және көпжақты ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта, сондай-ақ банктің өзі ұйымдастыратын халықаралық іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы Еуразиялық даму банкінің Қазақстан экономикасын дамытуға қосып жатқан үлесін оң бағалап, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
Еуразиялық даму банкі – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметпен айналысатын көпжақты даму банкі. ЕДБ-ның бас кеңсесі Алматыда орналасқан. 2025 жылғы жағдай бойынша оның инвестициялық портфелінде жалпы құны 16,5 млрд долларды құрайтын 305 жоба бар. Банк ерекше көңілді көлік инфрақұрылымы, цифрландыру, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау сияқты интеграциялық әсері бар бастамаларға бөледі.
Осы жылы QazaqGaz-дың еншілесі ұйымы Еуразиялық Даму банкінен 147 млрд теңге қарыз алатынын хабарлаған еді.