Жаңалықтар

Intel микросхемалар шығаратын Altera-ны 8 млрд долларға сатпақшы

Фото: shutterstock

Микропроцессорлар өндірісінде қиындықтарға тап болған Intel бағдарламаланатын микросхемалар шығаратын Altera бөлімшесін сатпақшы. Компания оның 51% акциясын инвестициялық қор Silver Lake-ке 8,75 миллиард долларға сатуға келісті. Бұл сома Intel-дің 10 жыл бұрын Altera-ны сатып алған бағасынан екі есе аз деп жазады Bloomberg.

Intel-дің хабарлауынша, мәміле 2025 жылдың екінші жартысында аяқталады. Компания Altera-ның қалған 49% акциясын сақтап қалады.

«Бұл шешіміміз — негізгі бағыттарға назар аудару, шығындарды қысқарту және қаржылық тұрақтылықты нығайту стратегиямыздың бір бөлігі», – деді Intel бас директоры Лип-Бу Тан.

Бұдан былай Intel тапсырыспен чип жасауға және жасанды интеллектіге арналған арнайы үдеткіштерді әзірлеуге баса назар аудармақшы.

Ал Silver Lake үшін бұл мәміле – инвестиция. Қордың басқарушы серіктесі Кеннет Хао Altera-ның болашақта жасанды интеллект негізіндегі шеткі есептеулер мен робототехника бағыттарына ден қоятынын айтты. Компанияны Рагиб Хуссейн басқарады, ол бұрын Marvell Technology компаниясында өнімдер мен технологиялар бойынша президент болған.

Жаңалық шыққан соң, Intel акциялары Нью-Йорк биржасында бір сағат ішінде 6%-ға өсіп, 21 долларға жетті. Кейінірек бұл өсім ішінара төмендеді.

Intel Altera компаниясын 2015 жылы 16,7 млрд долларға сатып алған. Бұл телекоммуникациялық жабдықтар нарығындағы позицияны күшейту мақсатында жасалған еді. Алайда кейінгі жылдары Intel нарықтағы үлесін жоғалтып, жасанды интеллектке арналған үдеткіштер сегментін Nvidia-ға берген.

Бұл Intel-дің бірінші саудасы емес. Былтыр компания өз иелігіндегі Arm Holdings акцияларын сатқан еді.