
Наурыз қорытындысы бойынша, қазақстандықтар депозитте 40,4 трлн теңге сақтаған. Бір ай ішінде салым көлемі 21,39 млрд теңгеге өскен. Бұл туралы Ұлттық банк жариялаған статистикада жазылған.
Наурыз айында ұлттық валютадағы депозит көлемі 236 млрд теңгеге азайып, 31,1 трлн теңгені құрады. Бұған негізінен заңды тұлғалардың депозиттерін қысқартуы себеп болды. Бизнес тарапынан салымдар 377 млрд теңгеге қысқарып, 13,39 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Атап өтетін дүние, жеке тұлғалар ұлттық валютадағы жинақтарын 140,9 млрд теңгеге арттырып, 17,7 трлн теңгеге жеткізді.
Шетел валютасындағы депозиттер сегментінде, керісінше жағдай байқалды. 258,3 млрд теңгеге өсіп, жалпы көлемі 9,3 трлн теңгеге жетті.
- Бизнес валюталық депозиттерін 264,3 млрд теңгеге арттырып, 4,7 трлн теңгеге жеткізді;
- Халықтың валюталық салымдары 6 млрд теңгеге қысқарып, 4,6 трлн теңгеге тең болды.
2025 жылғы наурызда теңге орта есеппен 1,6%-ға нығайып, 1 доллар – 497,99 теңге деңгейінде болды. Осыған байланысты шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 22,5%-дан 23,15%-ға дейін өсті.
Айта кетейік, шетел валютасындағы депозит бойынша мөлшерлеме 1%-дан аспайды.
Еске салайық, осы жылы ақпан қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттің орташа мөлшерлемесі 13,5%-дан 13,3%-ға дейін төмендеді. Ал заңды тұлғалардың депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме керісінше, ақпанда 14,1%-дан 14,2%-ға дейін өскен.