Отандық IT-қызметтердің экспорты импорттан екі есе асып түсті

2024 жылы шетелге компьютерлік қызметтерді сату көлемі сатып алудан 2,1 есе артық болды. Қазақстан осымен екінші жыл қатарынан аталған қызметтер бойынша таза экспорттаушы ел болып отыр деп жазады Ұлттық статистика бюросы.
Бұған дейін, 2023 жылы, экспорт көлемі импорттан небәрі 17%-ға ғана артық болған еді. Айырмашылықтың осынша үлкен болуына экспорт пен импорт көрсеткіштерінің бір-біріне қарама-қарсы және айтарлықтай өзгеруі себеп болды. Экспорт бір жылда 31%-ға артса, импорт шамамен сондай көлемде – 29%-ға азайған.
Айта кетерлігі, IT-қызметтер экспорты негізінен Ресейге бағытталған. Жалпы экспорттың 14%-ы немесе 95,6 млн доллары осы елге тиесілі. Ал АҚШ, керісінше, басты серіктес болудан қалды. Бұл ел 2023 жылмен салыстырғанда отандық IT қызметтерді 5 есе аз сатып алған. Нәтижесінде үлесі 8%-дан (43,6 млн доллар) 1%-ға (9,1 млн доллар) дейін төмендеді.
Компьютерлік қызметтер экспортының өскеніне қарамастан, оның қарқыны бәсеңдеп келе жатқаны байқалады.
«2023 жылы 56% болса, 2022 жылы 345% болған. Өсімнің баяулауы ресейлік компаниялар мен мамандардың релокациясының қазақстандық IT-секторға ықпалы азайып келе жатқанымен байланысты болса керек. Ал 2024 жылы бұл процесс толығымен тоқтаған сыңайлы – бұған Ресей азаматтарына тиесілі заңды тұлғалар мен филиалдарды тіркеу санының азаюы дәлел», – деп жазады бюро мамандары.
Осыны ескерсек, IT-қызметтер экспортын 2026 жылға дейін 1 млрд доллар жеткізу жоспарын оңай орындалатын мақсат деп айту қиын. Бұл межеге жету үшін жыл сайын орта есеппен 21% өсім қажет. Оның үстіне, бұл өсім қазірдің өзінде жоғары базалық деңгейге қатысты болатынын ескерсек, оңай шаруа емес.
Елде IT-кадрға деген сұраныс артып жатыр. Қазір елдегі IT-мамандар орта есеппен айына 700 000 теңгеден бастап 2 500 000 теңгеге дейін табады. Осылай елдегі ең көп жалақы алатын мамандықтар тізімінде көш бастап тұр.