Цукерберг Instagram мен WhatsApp-тан айрылып қалуы мүмкін

Meta бас директоры Марк Цукерберг дүйсенбі күні Вашингтонда сотқа қатысты. Құрама Штаттардың монополиямен күрес қызметі миллиардерден Instagram мен WhatsApp-ты сатуды талап етті.
Сотқа шағымдануға не себеп?
АҚШ федералдық сауда комиссиясы (FTC) Meta корпорациясынан қайта құрылымдауды, не болмаса Instagram мен WhatsApp-ты сатуды талап етті.
Бұған дейін президент Дональд Трамп ірі технологиялық компаниялармен күресуді тапсырған. Мәліметтерге қарағанда, Цукерберг корпорациясы АҚШ-та жарнамадан түсетін табыстың жартысына жуығын Instagram арқылы алып отыр.
Қара костюм, көшілдір галстук таққан Цукерберг сауалдарға байсалды жауап беріп, комиссия уәждерін жоққа шығаруға тырысты деп жазды Reuters. Оның айтуынша, Meta компанияларды он жыл бұрын әлеуметтік желідегі бәсекені жою мақсатында сатып алған жоқ.
Цукербергтің пікірінше, қазір қолданушылар хабарды достарына пост түрінде емес, жеке жазысу арқылы жеткізеді. Facebook контенттің 20, ал Instagram контентінің 10% ғана қолданушылардың достары түзеді. Қалғанын белгілі бір мүддеге сай аккаунттар жасайды дейді миллиардер.
Instagram миллиардтап пайда түсіреді
Meta корпорациясы Instagram әлеуметтік желісін 2012 жылы, WhatsApp мессенджерін 2014 жылы сатып алған.
Компания өзіне бәсеке болатын желілер деп TikTok, Snapchat, Reddit және LinkedIn-ді атайды.
Meta Instagram әлеуметтік желісін жоғалтқан уақытта көп табысқан қағылады деп жазды Reuters. Emarketer зерттеу компаниясының болжамына сенсек, биыл Instagram компанияға АҚШ-тағы жарнамадан 37 млрд доллар табыс әкеледі.
Комиссия алғаш рет Meta үстінен 2020 жылы арызданған, бірақ оның шағымын сот жарты жылдан кейін кері қайтарған. Кейін FTC тағы бір шағым түсіріп, іс ақыры сотта қаралып жатыр.
The New York Times мәліметінше, жақында Цукерберг президент пен оның көмекшілерінен дауды реттеуге көмек сұраған.