Қазақстан мұнай өндірісін азайтты, бірақ квотадан әлі асып тұр

Қазақстан сәуірдің алғашқы екі аптасында мұнай өндірісін наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 3%-ға азайтты, бірақ сонда да OPEC+ квотасынан асып кетіп жатыр.
Мұнайдың арзандауына Қазақстан кінәлі ме?
Республиканың Энергетика министрлігі Reuters-ке 14 сәуір күні мұнай өндірісі азайғанын растаған. Агенттіктің үш дереккөзі өткен айда ұйымның бірнеше мүшесі, соның ішінде Сауд Арабиясы да Қазақстанның мұнай өндірісін арттырып жібергеніне қатты ренжіген.
Дереккөздердің айтуынша, басқа да елдер Қазақстан квотаны сақтамай отырған уақытта мұнай өндірісін шектеудің қажеті шамалы деген уәжді алға тартқан.
«Мұндай жағдай OPEC+ ұйымының өз ішіндегі тәртіпке кері әсер етіп жатыр. Сол себепті олар Қазақстанға қатты қысым жасайды», – деген дереккөздердің бірі.
Reuters мәліметінше, дәл осы жағдай ұйым елдерінің мұнай өндірісін бірден үш есе арттырып жіберу туралы шешім қабылдауға итермелеген. Оның өзі әлем нарығында мұнай бағасының күрт арзандауына әсер етті.
Chevron және Ақорда
1-13 сәуір аралығында Қазақстан мұнай өндірісін 3%-ға азайтып, тәулігіне шамамен 1,82 млн баррельге дейін түсірген. Атап айтқанда, Chevron басшылығы Теңіз кен орнында шикізат өндірісін азайтқан.
Қазақстан энергетика министрлігі агенттікке өндіріс қысқарғанын растады, бірақ мөлшерін, нақты қай компания азайтқанын айтпады.
Өндіріс қысқарғанына қарамастан, Қазақстан бәрібір OPEC+ квотасынан асып кетіп жатыр. Өйткені ұйым Астанаға сәуір айында тәулігіне 1,473 млн баррельден асырмауды тапсырған.
Мұнай өндірісі жөнінен алғашқы ондыққа кіретін Қазақстан OPEC+ белгілеген квотадан үнемі асып кетіп жүр. Соған байланысты басқа да мұнай тасымалдаушы елдер жиі шағымданатын болды.
OPEC мәліметінше, наурыз айында Қазақстанның мұнай өндірісі тәулігіне 37 мың баррельге артқан.
Астана 2025 жылы ұйым белгілеген квотаның сақталмай келуін Теңіз кен орнын кеңейту жұмыстарымен байланыстырған. Айта кетерлік жайт, 14 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады. Мемлекет басшысы топ-менеджерді Теңіз кен орнын кеңейту жұмысының сәтті аяқталғанымен құттықтады. Ақорда таратқан мәліметте Астанадағы бұл кездесуде мұнай өндірісінің көлемі сөз болған-болмағаны айтылмады.