
Қазақстанның сыртқы тауар айналымы биыл қаңтар-ақпан айларында 19 млрд доллар болды. Бұл 2024 жылдың алғашқы екі айындағы көрсеткіштен 7,8%-ға аз. Экспорт 12,4%-ға, ал импорт 1,1%-ға азайды.
Мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Экспорт
Қазақстан екі айда өз өнімдерін негізінен мына елдерге экспорттады:
- Италия – 2,87 млрд доллар немесе бүкіл экспорттың 26,7%;
- Қытай – 1,6 млрд доллар немесе 15%;
- Ресей – 1 млрд доллар немесе 9,5%;
- Нидерланд – 563,7 млн доллар немесе 5,2%;
- Түркия – 551,3 млрд доллар немесе 5,1%.
2024 жылдың осы кезеңімен салыстырар болсақ, Ресейге тауар шығару 317 млн (-23,7%), Қытайға – 624,8 млн (-27,8%), Түркия – 40,5 млн (-6,84%), Нидерланд – 2,6 млн (-0,46%) долларға азайған. Ал Италияға экспорт, керісінше, 274,4 млн (+10,5%) долларға артқан.
Импорт
Қазақстанның импорттағы басты серіктестері мыналар:
- Қытай – 2,38 млрд доллар немесе 28,8%;
- Ресей – 2,3 млрд доллар немесе 28,5%;
- Оңтүстік Корея – 386,2 млн доллар немесе 4,7%;
- Германия – 340,4 млн доллар немесе 4,1%;
- АҚШ – 243,2 млн доллар немесе 2,9%.
Импорт Ресейден 47 млн (-2%), Германиядан 95,7 млн (-22%), АҚШ-тан 111,2 млн (-31,3%) долларға төмендеген. Бұл уақытта Оңтүстік Кореядан тауар алдыру 94,8 млн (+32,5%), Қытайдан өнім алу 265,9 млн (+12,5%) долларға көбейген.
Қазақстан негізінен шикі мұнай, мұнай өнімдерін, мыс, ферроқорытпа, астық экспорттайды. Республика көбіне жеңіл автокөлік, автокөлік шанағы, дәрі-дәрмек, телефон, газ импорттайды.