Freedom еншілес компаниясы Қазақстанға Amazon технологиясын әкеледі

Freedom Holding Corp.-тың еншілес компаниясы – Freedom Cloud – Amazon Web Services (AWS) компаниясымен серіктестік келісімге қол қойды. Бұл – Орталық Азияда жергілікті бұлтты провайдердің бұлтты технологиялар саласындағы жаһандық көшбасшы AWS-пен алғаш рет ресми әріптестік орнатуы.
Енді Freedom Cloud клиенттері – мейлі ол компаниялар, стартаптар немесе мемлекеттік мекемелер болсын – AWS-тің барлық мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады. Яғни, бұлтты есептеулер мен деректерді сақтау қызметтерінен бастап, жасанды интеллект пен машиналық оқыту (AI/ML) сервистері, DevOps автоматтандыруы және әлемдегі ең озық қауіпсіздік шешімдеріне дейін қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл Қазақстандағы бизнестің елден шықпай-ақ Amazon, Netflix, NASA және Pfizer сынды жаһандық алыптармен бірдей технологиялық құралдарды пайдалануына жол ашады.
«Бұл – біз үшін жай ғана даму емес, көшбасшылыққа қадам. Біз Қазақстан тек IT-сервистерді тұтынушы ел ғана емес, жаһандық цифрлық кеңістіктің белсенді бөлігі болғанын қалаймыз. Сол үшін біз елге ең заманауи технологияларды әкеліп жатырмыз», — дейді Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зейналабдин.
Компания қазіргі таңда Қазақстан аумағында халықаралық стандарттарға сай сертификатталған деректер орталықтарының желісін басқарады. AWS-пен серіктестік арқылы Freedom Cloud қорғалған деректерді сақтау мен күрделі жасанды интеллект есептеулеріне арналған заманауи шешімдерді енгізе алады.
«Көпшілік неге шетелдік серіктестер керек деп сұрайды. Жауабы қарапайым: біз қазақстандық стартаптардың Сингапур, Берлин мен Сан-Францискода бәсекелесе алатындай болуын қалаймыз. Мемлекеттік қызметтер GovTech-тің үздік тәжірибелеріне сай келсін дейміз. Ал талантты инженерлер өз елінде де қызықты жобалармен айналыса алатын болуы керек», — деп түсіндіреді Зейналабдин.
AWS-пен серіктестіктің арқасында қазақстандық стартаптар AWS Activate арқылы акселерация бағдарламаларына қол жеткізе алады. Сондай-ақ, AWS marketplace жаһандық алаңына шыға алады. Ал инженерлер – халықаралық сертификаттар алып, жаһандық сұранысқа ие өнімдерді жасау мүмкіндігіне ие болады.
Freedom Cloud – жергілікті бұлтты провайдер, ол бизнес пен мемлекет үшін IaaS және PaaS форматында кең ауқымды қызметтер ұсынады. Компания жоғары жүктемелі есептеулер, Kubernetes, объектілік сақтау, GPU және жасанды интеллектке негізделген бұлтты сервистерді дамытып жатыр.
Amazon Web Services (AWS) – әлемдегі ең ірі бұлтты платформа. Ол Amazon компаниясына тиесілі және бүкіл әлем бойынша миллиондаған ұйымдар – стартаптардан бастап NASA мен Netflix секілді алпауыттарға дейін – пайдаланады.