Экология министрі Үкіметтен орман өрттеріне тағы 11 млрд теңге сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ормандағы өрт қауіпсіздігін әуеден күзетуге бюджеттен бөлінген қаражат жетпей жатқанын мәлімдеп, Үкіметтен көмек сұрады.

Министрдің мәлімдеуінше, орман шаруашылықтарын қамтамасыз етуге 2023-2027 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгені құрайды. Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарған.

«Орман өрттерiн анықтау мен жоюдың тиiмдi тәсiлдерінің бiрi – ормандарды авиациялық қорғау болып табылады.Мемлекеттік орман қорының неғұрлым жанатын учаскелерін бақылау үшiн ұшу уақытының 10453 сағаттық нормасы белгіленді. Алайда республикалық бюджетте қарастырылған қаржы жеткіліксіз. Құрметті Олжас Абайұлы, осы маңызды мәселені шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», – деді министр Үкімет отырысында.

Ерлан Нысанбаевтың қосымша берген ақпаратына сенсек, бұл мақсатқа тағы 11 млрд теңге қажет.

Еске салайық, осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды шенеуніктері «Семей орманы» табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану аумағының өртенуіне байланысты жазаланған болатын.  

Сондай-ақ оқыңыз