«Бипэк Авто – Азия Авто» иесі Анатолий Балушкин сырттай 9 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Балушкин
Балушкинге сот үкімі шықты/фото: «Бипэк Авто – Азия Авто» баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкер Анатолий Балушкинге сот үкімі шықты деп хабарлайды KursivMedia.

2024 жылдың тамызында Өскемен қаласында Балушкин мен «Азия Авто» АҚ бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сот процесі басталды. Екеуі де Ресейде болғандықтан, 2025 жылдың 14 сәуірінде сот сырттай өтті.

Сот үкімімен Анатолий Балушкин сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ «Азия Авто» бас директоры Ерік Сағымбаев 8,6 жылға сотталды.

Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру) бойынша айыпталды.

Ерік Сағымбаевқа Қылмыстық кодекстің 190–бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 245-бабы (ұйымнан салық немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару) бойынша айып тағылған.

Шығыс Қазақстан облысы соттарының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, сотта Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевтың 2013-2020 жылдары 66 миллиард теңге несие алғаны, кейіннен бұл қаражатты ұрлағаны анықталды.

2019-2020 жылдары активтерді шығару үшін ЖШС құрылған, осы әрекет нәтижесінде мүлік бақыланатын құрылымдардың меншігіне өткен.

2020 жылы 3,9 млрд теңгенің жетпейтінін жасыру үшін қызметкерлерге сыйақы ресімделген, алайда ол қызметкерлерге төленбеген.

2010-2020 жылдары компания салық жеңілдіктерін пайдаланған, алайда зауытты іске қосу бойынша міндеттемесін орындамаған. 2017 жылы салық жеңілдіктері мерзімі аяқталды, компания жалған құжат арқылы оның уақытын ұзартқан. Сот шешімімен мемлекеттік преференциялар беру жөніндегі келісім жарамсыз деп танылды, мемлекетке келтірілген залал 173 млрд теңгені құрады.

Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының сегіз топ-менеджеріне үкім шықты.

Кәсіпкер Анатолий Балушкин «Бипэк Авто Қазақстан» негізін 1992 жылы қалаған. Кейіннен компания «БИПЭК Авто – Азия Авто» холдингіне айналды. 

2020 жылы компания қиындықтарға тап болды. Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 млрд теңгені қайтаруды талап еткен. Бұл компания алған түрлі жеңілдік көлемі. 2021 жылдың наурыз айында акционерлік қоғамда жаппай қысқарту орын алып, өндіріс ақыры тоқтады. Бірақ акционерлер бюджет шығындарының орнын толтыруға асықпаған.

Компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге 2021 жылы іздеу жарияланған, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі. Сол кезде кәсіпорын мемлекетке 174 млрд теңге қарыз еді.

Сондай-ақ оқыңыз