Кешегі интеллигенцияның ұрпағы бүгін бір-бір елде елші болып жүр

KursivMedia бұған дейін елімізде қаламгерлердің билікте отырған ұл-қызы туралы жазды. Бұл тізімде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және басқа да лауазымды қызметкерлер бар.
Редакция бұл тізімді елші болып отырған қаламгер-ғалымдардың ұл-қызымен толықтыруды жөн көрді. Тізімде Қазақстанның Түркиядағы, Моңғолиядағы және Сингапур, Аустралия одағы мен Жаңа Зеландиядағы елшісі бар.
Тарихшы әрі жазушының ұлы Моңғолияда елші
Тарихшы, публицист Бейбіт Қойшыбаевтың ұлы Ғабит Қойшыбаев – Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі. Ол бұл қызметке 2022 жылдың сәуірінде кіріскен.
Ағылшын, қытай, жапон тілдерін меңгерген 53 жастағы Ғабит Қойшыбаев сыртқы саясатта 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол 2011-2014 жылдары Шанхай қаласындағы бас консул болған, 2019-2022 жылдары Қазақстанның Қытай халық республикасындағы елшісі қызметін атқарған. Дипломатиялық рангі – ІІ сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл.

Ал әкесі әр жылдары «Заңгер» журналының жауапты редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы болған.
Бейбіт Қойшыбаев жазушы ретінде «Жазықсыз жапа шеккендер. Зерттеулер», «Талтүске дейін» публицистикалық хроникасы, «Рух-Сарай», «Өрімтал», «Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих», «Қарқара» публицистикалық хроникасы, «Жастық шақ жырлары» жинағы, «Сен ғана» романының авторы.
Сейдахмет Құттықадамның ұлы Сингапурда елші
Қазақстанның Сингапур, Австралия одағы мен Жаңа Зеландиядағы елшісі Құттықадам Асқар Сейдахметұлы – белгілі журналист, ғалым, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның ұлы.

Елшінің әкесі республикалық басылымдарда, оның ішінде «Арай» журналы, «Время-Дәуір» және «Эпоха» газетінің, «Мысль» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Сейдахмет Құттықадам 2022 жылдың наурызында қайтыс болған. 2022 жылдан бастап Қазақстан президенті жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі болған.
Ол «Ұлтқа қызмет ету: мемлекет басқарудың әлемдік 10 мысалы», «Вызов времени», «Миражи и реалии», «Казахская драма. На сцене и за кулисами: история современного Казахстана», «Заколдованный век: евразийская сага» еңбектерінің авторы.
Ал елші Асқар Құттықадам дипломатиялық қызметін 1998 жылы бастаған. Әуелі СІМ екіжақты ынтымақтастық департаментінің Еуропа және Америка басқармасының референті болған. 2022 жылға дейін Литва, Малайзия, Қытай, Канада, Польшадағы елшіліктерде әртүрлі қызмет атқарған.
Экс-сенатор Оңалбек Сәпиевтің ұлы
Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев – экс-сенатор Оңалбек Сәпиевтің ұлы.
50 жастағы Еркебұлан Сәпиев еңбек жолын 1999 жылы Қаржы министрлігінде бастаған. 2006 жылдан бастап сыртқы саясатта түрлі қызмет атқарып, 2014-2018 жылдары Ыстанбұлдағы Қазақстанның бас консулы болған. Ал 2019-2022 жылдары Түрікменстандағы елші болса, 2022 жылдан бері Түркия және Албаниядағы елші болып отыр.

Ал әкесі Оңалбек Сәпиев 1997-2008 жылдары Қазақстан парламенті сенатының депутаты болған. Сәпиев 2024 жылдың шілдесінде дүниеден өтті.
Ғалымның ұлы Польшада 4 жыл елші болды
Жақында ғана Қазақстанның Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылған Әлім Қирабаев – ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаевтың ұлы. Ол 2020-2025 жылдары елші қызметі атқарды.

53 жастағы Әлім Қирабаевтың еңбек жолына көз жүгіртсек, дипломат ретінде қызметін 1997 жылы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Еуропа елдері басқармасының референті болып бастаған. Польшадағы елшіліктегі қызметіне дейін Мысыр, Жапониядағы елшіліктерде қызмет атқарған. 2020 жылға дейін сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған.
Ал Серік Қирабаев қазақ әдебиеті жөнінде 800-ден аса ғылыми мақала жазған. Спандияр Көбеевтің, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллиннің әдеби мұрасын зерттеген.
Журналистің ұлы тұрақты өкіл
Қазақстандық журналист Сауытбек Әбдірахмановтың ұлы да сыртта саясатта қызмет етеді. Асқар Әбдірахманов 2023 жылы Париж қаласындағы Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі лауазымына тағайындалған.

Оған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, Париж қаласындағы ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары болған. Сыртқы істер министрлігі жүйесінде 2009 жылдан бері қызмет етеді.