
АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген 145% көлеміндегі баж салығына жауап ретінде Қытай 125% баж салығын енгізген соң, Ақ үй Қытай тауарларына тағы 100% қосымша салық салатынын мәлімдеді.
Нәтижесінде АҚШ Қытай тауарларына салатын баж салығының жалпы көлемі 245%-ға жетті.
«Қытайдың жауап әрекеттеріне байланысты, енді АҚШ-қа импортталатын Қытай тауарларына 245%-ға дейін баж салығы салынуы мүмкін», – делінген Ақ үй хабарламасында.
Қазіргі уақытта АҚШ Қытайдан келетін тауарларға 145% баж салығын қолданып отыр. Қытай бұған жауап ретінде АҚШ өнімдеріне 125% салық енгізген. Сонымен қатар Бейжің кейбір пайдалы қазбаларды, оның ішінде аса маңызды минералдарды экспорттауға шектеу қойды. Bloomberg агенттігі Қытайдың бұл салада көшбасшы екенін және минералдарды қысым жасау құралы ретінде қолдана алатынын атап өтті.
Трамп бұрынғы мәлімдемесінде баж салығының арқасында АҚШ рекордтық табысқа қол жеткізгенін, елде тауарлар арзандап, инфляция төмендегенін айтқан болатын.
Reuters агенттігі дереккөздерінің хабарлауынша, Қытай сауда соғысын өршітуге жол бермей, оны болдырмауға тырысқан. Алайда Трамп баж салығын енгізгеннен кейін, Бейжің де жауап беруге шешім қабылдаған.
The Washington Post газетіне пікір білдірген сарапшылар Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы қос державаны экономикалық күйреуге алып келуі мүмкін әрі нақты соғыс қаупін күшейтеді деп санайды.