
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен мәжілісте өткен баспасөз жиынында «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының мөлшерін көтеруге қатысты министрліктің ұстанымы сұралды.
Саясат Нұрбек қазіргі уақытта «Болашақ» стипендианттарының шәкіртақысы 1900 доллар екенін, министрлік көптеген елдерде инфляция өсіп, пәтер жалдау ақысы қымбаттағанын біліп отырғанын атап өтті.
«Бүгінде біз нақты нормативтік бағаны шығару үшін тәуелсіз аудит жүргізіп жатырмыз. Соның аясында біздің стипендианттар оқитын Лондон, Нью-Йорк, Вашингтон сияқты қалалардағы инфляция деңгейі мен тұтынушы себетінің құны зерттеліп жатыр» – деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, шәкіртақы мөлшеріне байланысты өзгеріс сол аудит нәтижесіне байланысты болады.
Сонымен қатар министр бағдарлама талапкерлерінің жасына байланысты шектеу енгізілетінін жеткізді. Оған сай, талапкердің жасы оқып келгеннен кейін қызметтік өтеуін жүзеге асырарда зейнет жасына кемі 3 жыл жетпей тұруы керек. Өзгеріс биыл күшіне енеді.
Стипендианттар қызметтік өтеуді тікелей Қазақстанда жүріп қана жасай алады.