Тұсау кескеннен теріс нәрсе іздеудің қажеті жоқ – Дәулет Мұқаев

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General news бөлімінің тілшісі
Тұсау кескеннен теріс нәрсе іздеудің қажеті жоқ - Дәулет Мұқаев
Тұсау кескеннен теріс нәрсе іздеудің қажеті жоқ – Дәулет Мұқаев/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев желіде тұсау кесу туралы жазбасына байланысты пікір білдірді.

Депутат тұсау кесу рәсімдерін он жылдан бері жүргізетінін, о баста жақын таныстарының балаларының тұсауын кесуден бастағанын айтады.

Заң шығарушы орган өкілі желіде тұсау кесетінін жар салуды әбестік деп санамайды.

«Біріншіден, бұл қазақтың салт-дәстүрі. Екіншіден, осыны көріп қазақтың дәстүріне сіңісіп жатқан өзге ұлт азаматтары да бар. Осы уақытқа дейін орыстың да, кәрістің де тұсауын кестім. Одан теріс нәрсе іздеудің қажеті жоқ», – дейді ол.

Депутат жұмыс уақытында тікелей кәсіби қызметімен айналысатынын, ал тұсау кесу сияқты рәсімдер жұмыстан тыс, демалыс уақытындағы істер екенін атап өтті.

Кейінгі кезде қоғамда депутаттың атына байланысты сын жиі айтылып жүр. Ол депутаттыққа дейін ипотекалық бағдарламалар, қаржылық сауаттылық, декреттік төлемді көбірек алу сияқты курстар сататын, қайырымдылықпен айналысатын блогер ретінде танылған. Оның осы декреттік төлемдер туралы курстарынан кейін жеке кәсіпкерлік рәсімдеп, бірнеше ай жоғары жалақы көрсетіп жоғары төлем алатын әйелдер көбейген. Бұдан бюджетке қыруар шығын келген. Қазіргі уақытта табысын жасанды түрде көбейткен 113 әйелге қатысты қылмыстық іс ашылған. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мың адам табысын асыра көрсеткенін мойындап, мемлекетке 3,4 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берген.

Депутаттың өзі декреттік төлем алатын адамның кәсібі адал, табысы заңды болса, ешқандай қиындық туындамайтынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз