Астанада заңсыз майнингпен айналысқандардан миллиард теңгеге жуық мүлік тәркіленді

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Астанада заңсыз майнингпен айналысқандардан миллиард теңгеге жуық мүлік тәркіленді
Астанада заңсыз майнингпен айналысқандардан миллиард теңгеге жуық мүлік тәркіленді/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржылық мониторинг агенттігі қаладағы бір аудан айына тұтынатын электр энергиясымен пара-пар энергияны жасырын жаратып келген майнинг фермасына үкім шығарылғанын хабарлады.

Агенттік дерегінше, майнинг ферма Астанада 2022 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін қозғалтқыштарды өңдеу орталығы ретінде жасырын қызмет етіп келген. Сол аралықта айына бір мегаполистің тұрғын ауданымен пара-пар электр энергиясын тұтынып келген. Оны үш азамат жүзеге асырған.

ҚМА мәліметінше, заңсыз жолмен алынған цифрлық активтер 143 млн теңгеден асады.

«Тінту барысында 1 257 асикмайнер (цифрлық активтерді өндіруге арналған жабдық), өнеркәсіптік салқындатқыш желдеткіштер мен трансформаторлық станция алынды. Сот оларды ҚР ҚК 214-бабының 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салу жазасын тағайындады» делінген хабарламада.

Сот шешімімен мемлекет пайдасына 900 млн теңгеден астам мүлік: тәркіленген. Оның ішінде «Toyota Camry», «Nissan Juke» көліктері мен майнинг жабдықтары бар.

Сонымен қатар, сот қылмыстық табыс мөлшері ретінде 143,2 млн теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеген.

Үкім заңды күшіне енді.

Ұлттық банк мәліметінше, елде 1,5 млн адам Қазақстанда тіркелмеген биржаларда криптоактив саудасымен айналысып жүр. Сарапшылар олардың көпшілігі хакерлік шабуылдарға, алаяқтық схемаларға және жалған активтерге тап болатынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз