Жетінші арна көру қабілеті төмен адамдарға арналған телехикаяны таныстырды

Жетінші арна «Дем. Соңғы үміт» атты медициналық драманы ұсынды. Бұл Қазақстандағы толықтай зағип және көру қабілеті төмен көрермендерге бейімделген алғашқы телехикая.
Телехикаяда онколог-дәрігерлердің пациенттердің өмірі үшін күресі мен ең ауыр диагноздар қойылған кездегі үміт үзбеудің орны туралы баяндалады.
Телехикая 12 бөлімнен тұрады. Жобаны әзірлеу барысында Жетінші арна кең аудитория үшін барынша қолжетімді контент жасауды мақсат еткен.
Классикалық теленұсқа – арнаның эфирінде көрсетіледі. Одан бөлек әлеуметтік желілерге арналған 2 минуттық қысқа вертикалды форматтағы бейімделген нұсқасы бар. Ал инклюзивті аудитория үшін тифлокомментарийлермен сүйемелденген аудионұсқасы дайындалған.
«Бүгінде инклюзивті аудиторияға арналған контент жоқтың қасы. Сол себепті көру қабілеті бұзылған адамдар көбіне шетелдік өнімдерге жүгінеді – оларда отандық сериалдарды көруге мүмкіндік жоқ. Осы аудиторияға да отандық телехикаяларды көруге мүмкіндік беру үшін біз оларға аудиокомментарий қосып бастадық. Осылайша, сериал жасай отырып, әр көрермен өзіне ыңғайлы форматта тамашалай алатындай жағдай жасауға тырыстық», – деді Жетінші арнаның Бас директоры Илхам Ибрагим.
«Біз көрермендерді «ерекше» немесе «қарапайым» деп бөлмейміз. Тек кейбіріне аздап көбірек назар қажет. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз».
«Қазір қазақстандық телехикаялар дамып жатыр деп жиі айтылады, бірақ біз оларды толыққанды қабылдай алмаймыз. Егер басқа арналар да осындай бастаманы қолдаса, біз өте қуанар едік», – деді Қазақ зағыптар қоғамының мүшесі, тифлопедагог Далида Хасан.
«Менің көру қабілетім әлсіз, ал менің достарым мүлде көрмейді – олар да бізбен бірге киноға барғысы келеді. Біз бірге отырамыз, мен оларға не болып жатқанын айтып беремін. Бірақ кейде олар сұрауға ыңғайсызданады, ал мен басқаларға кедергі келтірмес үшін дауыстап айтып беруге қысыламын. Сіздердің бейімделген нұсқаларыңыз – бұл таптырмас дүние: адам өзі «көре» алады. Біз қатты қуаныштымыз», – деді Қазақ зағыптар қоғамы президиумының және басқармасының мүшесі Сексенбай Ісілбаев.
«Дем. Соңғы үміт» телехикаясының барлық бөлімдері бейімделген форматта @TheSevenChannel атты YouTube арнасында жарияланады.
Қазіргі уақытта алғашқы бөлім қолжетімді, ал жаңа бөлімдер күн сайын – бір-бірден жарияланып отырады.
Жобаның режиссёры – Асет Жұмақан. Продюсер – Ерсін Айтмұқаш.
Айта кетейік, бұған дейін Жетінші арна Shorts Drama – TikTok-тағы жастарға арналған алғашқы қысқа вертикалды сериалды таныстырған болатын. Қазір арна көру қабілеті бұзылған жандарға арналған инклюзивті контент жасауды басты бағыттардың бірі ретінде таңдаған.