
Тағы бір халықаралық ұйым Қазақстан экономикасының 2025-2027 жылдардағы экономикалық өсіміне қатысты болжамын жариялады. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының мәліметінше, 2025 жылдан кейін елдің ЖІӨ өсімі біртіндеп баяулайды. 2027 жылы өсім 4,3%-ды құрайды деп күтілуде. Бұл — 2024 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмен.
2025 жылы өсімнің негізгі себептері
2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның ЖІӨ 5,2%-ға өседі деп болжануда. ЕТДҚ бұл жоғары көрсеткішке үш негізгі себептің арқасында қол жеткізуге болатынын атап өтті:
- елдегі мұнай өндіру көлемінің артуы;
- ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы;
- мемлекеттік инвестиция көлемінің өсуі.
2026 жылы экономика өсімі 4,5%-ды құрайды деп күтілсе, 2027 жылы бұл көрсеткіш 4,3%-ға дейін төмендейді.
Инфляция деңгейі
Халықаралық ұйым 2025 жылы инфляция 10,6% деңгейінде болады деп болжайды. Бұл — 2025 жылғы наурыздағы жылдық инфляциядан 0,6 пайыздық тармаққа жоғары. Қордың пікірінше, бұл ішкі проинфляциялық факторлардың әсерінен болады.
2026 жылы инфляция 8,1%-ға дейін төмендеп, ал 2027 жылы 6%-ды құрауы ықтимал.
Теңге бағамы және ақша-несие саясаты
Қор болжамына сәйкес, 2025-2027 жылдары теңге бағамы 500 теңгеден жоғары деңгейде болады. Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын сақтап, оны 2026 жылдан ерте жұмсартпайды.
Қор 2009 жылы Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанның бастамасымен құрылған. Қордың мақсаты – қатысушы елдердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және дағдарыстардың салдарын еңсеруге қаржылық қолдау көрсету.
2025 жылдың І тоқсанында жалпы ішкі өнім өсімі 5,8%-ды құрады. Ал Азия даму банкі (АДБ) Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсім болжамын 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендетті. Ал 2026 жылы өсім 4,1%-ға дейін баяулайды деп күтілуде. Бұл – Орталық Азия елдері ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.