Temu, Amazon, AliExpress. Шетелдік маркетплейстер жыл сайын қанша млрд теңге салықты кем төлеп отыр

Шетелдік маркетплейстер 2023 жылы – 23,4 млрд теңге, ал былтыр 35 млрд теңге салық төлеген. Алайда «Ақжол» партиясының депутаттары бұл қазынаға түсуі тиіс қаржыдан екі есе аз деп санайды.
Мәселенің мәні
«Ақжол» партиясының Азат Перуашев бастаған депутаттары биыл 26 ақпанда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге арнайы сауал жолдаған. Сол сауалында мәжілісмендер Temu, Amazon, AliExpress тәрізді шетелдік маркетплейстер қосылған құн салығынан (ҚҚС) жалтарып отыр деп мәлімдеді.
Депутаттардың айтуынша, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгеге тауар жеткізгенімен, олардан бюджетке түскен салық көлемі небәрі 24 млрд теңгені құраған. Бұл жалпы айналымның 4,8%-ын ғана құрайды. Яғни, 12 пайыздық қосылған кұн салығынан әлдеқайда төмен. Нәтижесінде, 2023 жылы бюджет тек ҚҚС бойынша 36 млрд теңгеден астам қаржыдан айырылған.
Бұл ретте ақжолдықтар отандық мамандардың есебін келтіреді. Олардың есебінше, егер дәл осы тауарлар шетелдік сауда алаңдарында емес, отандық платформаларды сатылса, бюджетке 24 млрд емес, 136 млрд теңге салық түсер еді. 136 млрд теңгенің 82 млрд теңгесі қосылған құн салығы мен кеден салығы, ал 54 млрд теңгесі – өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейтін 46 мың қызметкердің табыс салығы болмақ.
Шетелдік платформалар салықтан жалтарады – отандық бизнес жапа шегеді
Есесіне Қазақстан кәсіпкерлерінің салық және операциялық шығына біршама жоғары. Оларға ҚҚС, корпоративті табыс салығы, әлеуметтік төлемдер сынды міндетті салықтардан бөлек, өнімді сертификаттау, логистика, маркетинг, маркетплейстердің ішкі комиссиясы сияқты қосымша шығындарды да көтеруге тура келеді. Осы факторларды ескере отырып, депутатттар отандық кәсіпкерлердің жиынтық салық жүктемесі 62%-ға дейін жететінін алға тартады.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы бірнеше ұсыныс айтқан. Олардың қатарында:
- шетелдік маркетплейстерді Қазақстанның салық органдарында міндетті тіркеу: қазақстандық тұтынушылардан алған кірісі үшін міндетті түрде ҚҚС және басқа да салық төлеу;
- шетелдік платформалардағы бажсыз сауда параметрлерін қайта қарау;
- отандық е-коммерцияны мемлекеттік қолдау бар.
Серік Жұманғариннің жауабы қандай?
Депутаттық сауалға вице-премьердің жауабы 20 наурызда келген. Жауапта электронды саудамен айналысатын шетелдік компанияларға ҚҚС 2022 жылдан бері салынатыны жазылған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 105 шетелдік компания тіркелген. Олардың қатарында Apple, Amazon, Aliexpress, Google, Meta және басқа да ірі платформалар бар. 2022-2025 жыл аралығында олар қазынаға 83 млрд теңге салық төлеген.
.Сонымен қатар жаңа Салық кодексі жобасында шетелдік маркетплейстерге қатысты салық салу мәселесі қарастырылғаны айтылады. Соның ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген компаниялардың вебсайттары бұғатталуы мүмкін.
Ал Temu, Amazon, AliExpress сынды сауда алаңдарында отандық кәсіпкерлердің өнімін сатуға міндеттеу – Қазақстан үкіметінің құзырында емес деп жауап берген.
«Шетелдік маркетплейстер тауарларды сату және қызметтер көрсету ісін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заңнамасы тек еліміздің аумағында әрекет етеді және шетелдегі қатынастарды реттемейді. Сондықтан шетелдік маркетплейстердің Қазақстандық платформалармен және өндірушілермен міндетті түрде ынтымақтастық орнатуы мүмкін емес», – делінген жауапта.
Еуразиялық экономикалық комиссияның 2017 жылғы шешімі бойынша, шетелдік тауарлар үшін белгіленген 200 евро және 31 кг көлеміндегі кедендік салықсыз шекарадан өткізілетін тауарлар үшін шектеулер бар. Бұл шекті мөлшерді өзгерту мәселесі комиссияның қарауында деп көрсетілген.
Үкімет жауабы депутаттардың көңілінен шықпады
Алайда вице-премьердің жауабы депутаттардың көңілінен шықпады. Депутаттар 4 сәуірде қайтадан депсауал жолдап, Үкіметтің деректермен манипуляция жасап отырғанын сынға алды.
«20 наурызда Сіз нақты жағдайға кереғар және біз сауалда келтірілген ҚР Ұлттық
Банкінің объективті бақылау деректеріне, атап айтқанда, сыртқы төлемдер
статистикасына қайшы келетін жауап жолдадыңыз», – дейді депутаттар.
Мәселен, «Ақ жол» фракциясының шетелдік маркетплейстердің қазақстандықтардан алатын кірісіне міндетті салық төлемдерін енгізу туралы ұсынысына жауап ретінде Үкімет үш жылда 83 млрд теңгеден астам салық төлегенін жазған. Ал депутаттар шетелдік маркетплейстерден жыл сайын кемі 60 млрд теңге салық түсуі керек деп тұжырымдайды. Одан бөлек, депутаттар сырты сауда балансы дерегіне сүйене отырып, шетелдік компаниялар төлеген салық 505 млрд теңгенің 12%-на жетпейтінін тағы да алға тартады.
«Вице-премьер мырза, бұл қарапайым арифметика ғой. Мұндай мәліметтерді ескере отырып, сыртқы сауда алаңдары ҚҚС төлейді деп қалай айтуға болады?», – деп сауал тастады олар.
Осы ретте депутатттар қазақстандық кәсіпкерлер мен ұлттық мүддені қорғауда Үкіметке неғұрлым табанды ұстаным қажет деп есептейді.