
Астанада Республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиын барысында ұйымның өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, биылғы жылға арналған жоспарлар таныстырылды.
Сонымен қатар Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов Көкпар федерациясының жаңа президентін сайлау жөнінде ұсыныс білдірді. Делегаттардың қолдауымен бұл лауазымға Айдарбек Қожаназаров тағайындалды.
«Бауыржан Әбдірашитұлы өз еркімен қызметінен кетті. Ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Ал жаңа президент ретінде Мәжіліс депутаты, Көкпар Федерациясының құрметті президенті, ұлттық спорт жанашыры Айдарбек Қожаназаров сайланды. Айдарбек Қостанай облысында көкпарды дамытып, үлкен деңгейге көтере алды. Сондықтан федерация оның жетекшілігімен жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз», – деді Еркебұлан Ілиясов.
Өз кезегінде жаңа президент көкпар спортын дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті.
«Биыл «Қазақстан Көкпар Лигасын» бастаймыз. Жүлде қоры – 25 млн теңге. Қазір басқа спорттық шаралардың кестесін қарап, лига ойындарының нақты уақытын белгілеп жатырмыз. Сондай-ақ барлық облыста федерация филиалдарын ашып, көкпарды кеңінен насихаттауды, жарнама мен маркетингті күшейтуді қолға аламыз. Чемпионаттағы жүлде қорын ұлғайтып, үздік ойын көрсеткен командаларға ынталандыру сыйлықтары беріледі», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Одан бөлек, чемпионат барысында үздік спортшылар мен аттар арнайы номинациялармен марапатталады. Сонымен қатар салым салған ат иесіне де жүлде қорының белгілі бір пайызы беріледі. Бұл – ат иелерінің көкпаршыларға аттарын беруден бас тартуының алдын алу мақсатында қолға алынған.
Конференция соңында көкпар спортының қазіргі жай-күйі талқыланып, жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеребесі өткізілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Айдарбек Қожаназаров Көшпенділер ойындарында өнер көрсеткен қырғыз көкпаршыларын сынға алған еді.