Гаджеттер

Yandex Qazaqstan мемлекетке 29,5 млрд теңге салық төледі

Yandex Qazaqstan мемлекетке 29,5 млрд теңге салық төледі / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейконы қабылдады. Кездесуде Yandex Qazaqstan компаниясының еліміздегі қызметінің негізгі бағыттары мен даму жоспары талқыланды.

Айта кетерлігі, компания 2024 жылы Қазақстан бюджетіне 29,5 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Ал 2016 жылдан бері еліміздің экономикасына 225 млрд теңгеден астам инвестиция салған.

Кездесу барысында интернет-платформа арқылы халықты жұмыспен қамту, жасанды интеллект технологияларын дамыту, сондай-ақ мәдени мұраны озық технологиялармен ұштастыру мәселелері қозғалды.

Президент Yandex Qazaqstan-ның цифрлық трансформация, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы үлесін жоғары бағалап, жасанды интеллект белсенді дамып жатқан кезеңде қазақ тілі мен мәдениетін цифрлық кеңістікте ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Даниил Шулейко: «Яндекс.Такси» платформасы арқылы 65 мыңнан астам жүргізуші әлеуметтік қорғауға ие болғанын, Астанада жаңа инновациялық жобаларды іске асыру жоспары мен AI-Sana бағдарламасына атсалысуға дайын екенін жеткізді.