Белгілі кондитерлік компания ел нарығында өз үстемдігін асыра пайдаланған

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі белгілі кондитерлік өнімдер шығаратын «КДВ Қазақстан» ЖШС-на нарықта өз үстемдігін асыра пайдаланғаны үшін тергеу бастады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Павлодар облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «КДВ Қазақстан» ЖШС-ге қатысты үстемдігін асыра пайдалану белгілері бойынша тергеуді бастады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттік аталмыш компанияның қызметіне талдау жүргізген. Нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бір тауарға әртүрлі баға қойып келгенін анықтаған. Яғни компания кондитерлік өнімдерді сату бойынша әр келісімшартта түрлі баға баға мен талап қойып отырған. Мұндай фактілер антимонополиялық заңнамаға қайшы.
Осы жағдайлар анықталған соң, агенттік «КДВ Қазақстан» ЖШС-на анықталған заң бұзушылық белгілерін ерікті түрде жою бойынша ұсыным беріп, хабарлама жіберген. алайда монополияға қарсы агенттіктің талаптарын орындамаған. Сол себепті компания үстінен іс қозғалған.
«Тергеу барысында компания әрекетіне құқықтық баға беріліп, жеткізу шарттарын дифференциалаудың объективті негізі болу-болмауы қаралады», – делінген баспасөз хабарламасында.