Үкімет қорғаныс саласына бюджеттен қосымша 120 млрд теңге бөледі

Қорғаныс саласын қаржыландыруға бюджеттен қосымша 120 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтқан.
Бектенов отандық қорғаныс кәсіпорындарын қолдау және ынталандыру мақсатында Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылғанын, оның қызметін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база қабылданғанын мәлімдеген. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат осы қорға жұмсалады.
«Қазіргі уақытта қордың жарғылық капиталын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін 120 млрд теңге сомасына өтінім дайындалды. Сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында бірқатар шетелдік инвесторлармен (Қытай, БАӘ, Түркия, Катар, Сингапур және т.б.) келіссөздер жүргізілуде», – деген премьер-министр.
Сонымен бірге Бектенов қор жұмысын реттеу аясында Қарулы Күштердің артиллериялық оқ-дәрі, зеңбірек, жауынгерлік модуль және т.б. аса маңызды өнімдерге мұқтаждығын қанағаттандыруға бағытталған бірінші кезектегі жобалар пулы әзірленгенін айтқан.
Бұдан бөлек, Қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында техникалық реттеудің тұтас жүйесін ұйымдастыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі зертханалық зерттеулер жүргізуді талап ететін қару-жарақ пен әскери техниканың тізбесін айқындап, Бірыңғай техникалық бақылау орталығын құру жөнінде шешім қабылдаған. Оған сәйкес арнайы іс-шараларды жүзеге асыруды көздейтін жол картасы бекітілген. Оны жүзеге асыру 2026 жылға жоспарланған.