«Синий кит» тобын құрып, балаларды өлімге итермелеген ресейлік 9 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Синий кит» тобына құрып, балаларды өлімге итермелеген азамат 9 жылға сотталды / Фото: VK әлеуметтік желісінен скриншот; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ресейде «Синий кит» тобын құрып, балаларды өлімге итермелеген Илья Погибловқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Ресей басылымдары хабарлады.

«Новосібірдің Ленин аудандық соты «Синий кит» тобының негізін қалаушы Илья Погибловты балаларды суицидке итермелегін үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті», – деп жазады Lenta.ru басылымы.

Қаскүнем «Синий кит» тобын балаларды өлімге итермелеу мақсатымен құрған. Тергеушілер Погибловтың мінез-құлқынан біреулердің өліміне патологиялық тұрғыда қызығушылық танытатынын анықтаған. Сол үшін өзінің әлеуметтік желідегі арнасына балаларды шақырып, өлімге итермелеу бойынша нұсқаулықтар беріп отырған. Құқық қорғау органдары оның қылмыстық әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойып, балалардың өзіне зиян келтіруіне жол бермеген.

Сот Погибловты өзін-өзі өлтіруге итермелеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, сендіру арқылы өзін-өзі өлтіруге итермелеу, кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға тарту фактілері бойынша кінәлі деп тапқан.

Қауіпті ойындар туралы

Балаларды суицидке итермелеуді көздейтін қауіпті ойындар өз бастауын Ресейден алады. Қауіпті квест ойындар шамамен 2015 жылдары шыға бастады. Олардың атауы көп.  «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Млечный путь», «U19», «F57»  деп кете береді. Ал 2016 жылы «Новая газета» басылымы «Өлім топтары» атты мақала шығарды.

Бұл ойындар Ресейден бөлек Қазақстан, Қырғызстан, Испания, Ұлыбритания, Польша, Болгария, Латвия сынды бірқатар елдерде де тарала бастады. Қауіпті балалар арасындағы квесттің белең алғаны туралы америкалық және еропалық басылымдар да жазды. Бұл ойынға сол кезеңдерде Қазақстанда 63  баланың қатысуға ниет білдіргені туралы айтылады.

2024 жылдың күзінде Қазақстанда жасөспірімдердің биіктен құлап, суицидке бару жағдайлары жиілеп кетті. Көпшілік сол кезде бұл жағдайларға Schoolboy Runaway ойыны себеп болып жатқанын айтты. Бұл ойында жеңіске жеткендерге суицид жасауға нұсқаулық берілетіні туралы ақпарат желдей есті.

Сондай-ақ оқыңыз