Қазақстан ОPEC+ аясында 1,3 млн баррель міндеттемесін өтеуі қажет

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
OPEC+ аясында Қазақстан қанша өтемақы өтеуі керек / Фото: REUTERS

Қазақстан 2026 жылдың маусымына дейін тәулігіне 1,3 млн баррель міндеттемесін өтеуі тиіс. Бұл жайлы OPEC сайтында жазылған. Бүгін ұйым хатшылығы Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан және Оманға қатысты өтемақыны өтеу жоспарын жаңартты.

Жарияланған ақпаратта көрсетілгендей, Қазақстан 2026 жылдың маусымына дейін тәулігіне 1,299 миллион баррель мұнай өндіруді өтеуі тиіс. Оның ішінде:

  • сәуірде – 63 мың баррель
  • мамырда – 116 мың
  • шілдеде – 126 мың
  • тамызда – 141 мың
  • қыркүйекте – 135 мың
  • қазанда – 160 мың баррель тәулігіне өтеуі қажет.

Қазақстаннан кейін өтеуі керек өтемақысы көп елдер – Ирак және Ресей. 2025 жылдың соңына дейін Ирак 1,9 млн баррель, ал Ресей 691 мың баррельді өтеуі керек.

Жалпы 2026 жылдың маусымына дейін жалпы 4,572 млн баррель өтелуі керек. Өтемақының максималды көлемі биыл қыркүйекке келіп тұр. Аталған елдер тәулігіне 520 мың баррель өтеуі тиіс.

Осыған дейін OPEC+ ұйымына мүше сегіз ел арнайы жиын өткізген. Олар мұнай өндірісі квотасын бұзғандарға қысым көрсетуге келісті. Белгіленген жоспардан артық өндіріп, келісімді былтыр да, биыл да қайта-қайта бұзған елдің бірі – Қазақстан. Астананың бұл әрекетіне Сауд Арабиясы ерекше ашуланған еді.

Негізі OPEC+ келісімі бойынша Қазақстан тәулігіне 1,468 млн баррельден артық мұнай өндірмеуі тиіс. Бірақ бұл ереже сақтала қойған жоқ. Былтырдан бері Астана квотада асып, ұйым мүшелері ескерту жасаған.

Биыл сәуірде қара алтын өндірісін азайтқандай болды, бірақ соның өзінде квотадан асып кетті.

Сондай-ақ оқыңыз