
Осы жылдан бастап ресми түрде қор биржасындағы компаниялар юаньмен есеп айырысатын облигациялар шығара алатын болды. Бұл туралы KASE басқарма төрағасының орынбасары Дана Аманжолова айтты. Биржаның бірінші тоқсандағы жұмысына да есеп берді.
«Қазірдің өзінде бір эмитент, ол – Аграрлық кредит корпорациясы номиналдық құны юаньмен есептелетін облигацияларын шығарды. Жалпы алғанда, қызығушылық бар және ары қарай дамиды деп сенеміз», – деп атап өтті ол.
Жалпы осы жылдың алғашқы үш айында шетелдік валюталар нарығындағы сауда көлемі 9,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда 28,4% немесе 2,2 трлн теңгеге артық. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа сауда көлемі 172,4 млрд теңге, күнделікті орташа мәміле саны 941 болды. Ал мәміленің орташа көлемі 183,1 млн теңгені құрайды.
Жыл басынан бері KASE-нің акция нарығындағы капитализация 3,4%-ға төмендеп, 31,8 трлн теңгені құрады.
2025 жылдың бірінші тоқсанында «Ақбақай Gold Resourses»АҚ, «Mega Center Management» АҚ және «Ақтөбе-Темір-ВС» АҚ-ның еншілес компаниясының акциялары биржадан алынып тасталды. Бұл эмитенттердің өз шешімімен жасалған.
Жалпы биыл бірін тоқсандағы акция саудасы 64,2 млрд теңгені құрады. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 42,5% немесе 47,4 млрд теңгеге төмендеген. Акция секторындағы сауда тек қана қайталама нарықта ғана жүрді дейді қор биржасы өкілдері.

KASE индексі
2025 жылдың бірінші тоқсанында екінші реттік нарықтағы индекстік акциялармен жасалған мәмілелер көлемі 59,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,1 млрд теңгеге артық.
Сауда көлемінің ең үлкен үлесі «Қазақтелеком» АҚ-ның қарапайым акцияларына тиесілі – 15,0 млрд теңге. Бұл жалпы индекстік акциялармен сауда көлемінің 25,2 %-ын құрайды.
2025 жылдың бірінші тоқсанында он индекстік акцияның төртеуі жақсы көрсеткішпен аяқтады. Ең жақсы өсімді қаржы және телекоммуникация секторындағы индекстік компаниялардың акциялары көрсетті.
Ең жоғары өсім – «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның қарапайым акцияларында тіркелді:
+24,2 %.
Екінші орын – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның қарапайым акциялары:
+18,0 %.
Үшінші орын – «Қазақтелеком» АҚ-ның қарапайым акциялары:
+6,7 %.
Компания «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің 100 %-дық үлесін PIH Communication LLC-ге сату мәмілесін аяқтағанын хабарлады. Fitch Ratings агенттігі компанияның ұзақмерзімді несие рейтингін «BBB-» деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады.