Қытай Қазақстан арқылы газ жеткізуді тиімсіз деп есептейді

Қытай Қазақстан аумағы арқылы ресейлік газ жеткізу маршрутын экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санайды. Бұл туралы ҚХР-дың Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй журналистерге берген сұхбатында айтты.
Оның пікірінше, қазіргі болашағы бар бағыт ретінде Батыс және Шығыс Сібір мен Моңғолия арқылы өтетін «Сібір күші – 2» газ құбыры қарастырып отыр. Ханьхуэйдің айтуынша, Ресейден Қазақстан арқылы газ жеткізу қазіргі газ құбырының шамадан тыс жүктелуіне байланысты қиындық туғызады.
«Ресейден Қазақстан арқылы газ жеткізу мүмкін емес, өйткені ол жақта бір ғана газ құбыры бар және ол толық жүктелген…. Егер біз ресейлік газды осы бағытпен тасымалдауға шешім қабылдасақ, жаңа газ құбырын салуға тура келеді. Бұл қымбатқа түседі», – деді елші «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында.
Ал оның орнына Моңғолия арқылы өтетін маршрут немесе сұйытылған табиғи газды жеткізу әлдеқайда тиімді нұсқа болады деп есептейді.
Қазақстанның батыс, оңтүстік және орталық аймақтарындағы газ жүйесі Ресейден Өзбекстанға және Түркменстаннан Қытайға газ транзитінде маңызды рөл атқарады. Қытайға ресейлік газ экспорттайтын басты бағыт – «Сібір күші» газ құбыры. Бұл құбыр 2019 жылы іске қосылған және екі ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың негізіне айналған. «Сібір күші – 2» жобасын жобалау жұмыстары 2020 жылы басталды.
Қытай Қазақстан арқылы Ресейден газ және мұнай тасымалдайды. Былтыр ресейлік қара алтынды Қазақстан арқылы тасымалдау мерзімін 10 жылға ұзартқан.