Жаңалықтар

Ресей-Украина соғысынан Солтүстік Корея 20 млрд доллар табыс тапқан

Солтүстік Корея Ресей-Украина соғысынан қанша тапты / Фото: shutterstock

Ресей мен Украина арасындағы соғыстан Солтүстік Корея 20 млрд доллардан астам табыс әкелді. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның KIDA (Қорғаныс талдауы институты) атты сараптамалық орталығы хабарлаған.

KIDA-ның есептеуіне сүйенсек, табыс негізінен Ресейге оқ-дәрілер жеткізу арқылы келіп отыр. Орталықтың есебін Open Source Centre (OSC) пен Reuters агенттігі жүргізген тәуелсіз зерттеу де растайды. Reuters-тің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың тамызы мен 2025 жылдың наурызы аралығында Солтүстік Корея Ресейге 15 800-ден астам контейнер оқ-дәрі жіберген. Зерттеушілер спутниктік суреттерді пайдалана отырып, ресейлік кемелер жасаған 64 рейс арқылы 4,2–5,8 млн бірлік оқ-дәрі жеткізілген болуы мүмкін екенін есептеп шығарған.

Солтүстік Корея әскер де жібере ме?

Солтүстік Корея мыңдаған әскери қызметкерін соғысқа жіберіп, одан да пайда көріп отыр дейді кореялық сараптама орталығы. Олардың дерегінше, жіберілген 11 000 сарбаздың ішінен шамамен 4 000-ы қаза тапқан. Көпшілігі Курск облысында соғысқан. KIDA мәліметінше, Солтүстік Корея Ресейден ақшадан гөрі «табиғи көмекті» және техникалық қолдауды, оның ішінде жоғары технологиялы қару-жарақты алғанды жөн көреді. Бұл оның әскери әлеуетін арттырып, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге септеседі.

KIDA авторларының айтуынша, соғысты тоқтатып, Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастықты шектеу қажет, сондай-ақ оған қарсы ұзақмерзімді жауап стратегиясын әзірлеу керек.

«Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастық, төтенше жағдай болған жағдайда, Ресейдің Корей түбегіндегі ахуалға араласу ықтималдығын арттырады», — дейді KIDA мамандары.

Ресей-Украина соғысында Солтүстік Корея мен Қытай азаматтарының жүргені жайлы жаңалық тараған еді. Кейін Қытай билігі бұл ақпаратты Украина тарапымен бірге тексеретінін мәлімдеді.