Тоқаев: Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын көтеру

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ақордада экономика мәселелері талқыланды / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізіп, Үкіметтің басты міндетін тағы еске салып өтті.

Тоқаев Үкіметтің міндеті туралы

Ақорданың мәліметінше, жиында тариф қақтығысы салдарынан әлем нарығындағы жағдайдың өзгеруіне байланысты елдің іс-қимыл жоспары талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, сонымен бірге басқа да құзыретті органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.

Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

«Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу», – деді Тоқаев.

Әлеуметтік міндеттер туралы

Президент әлемдегі дағдарыстар әрдайым сын-қатерге толы болғанымен, дамудың жаңа көкжиегін ашатынын да айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық, көлік-логистикалық және адами әлеуетін нығайтуға ықпал ететін нақты стратегиялық бағыттарды атады.

Ірі инфрақұрылымдық жобалар мен цифрландыру жоспары елдің экономикалық саясатының басты бағыттары болып қала береді.

«Халық алдындағы негізгі әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындауға және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға тиіспіз», – дейді президент.

Мемлекеттің қаржы тұрақтылығын сақтау мен ақша-несие саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Жиын соңында Президент мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді деп хабарлайды Ақорда.

Сондай-ақ оқыңыз