Корей компаниясы Алматы мен Қонаев арасына LRT салады

Оңтүстік Кореяның RETD CO. компаниясы Алматы мен Қонаев қалалары арасында LRT, яғни жеңіл рельсті көлік желісін тартады. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
Тараптар 16 сәуір күні облыс әкімдігінде кездесіп, көлік желісі жобасын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев мұндай жолдың «аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсарта түсетінін» айтты. Ал RETD CO. LTD атқарушы директоры Ли Чан Ук магнитті ілініс технологиясының артықшылығы туралы баяндады.
«Біздің тәжірибеміз бен технологиямыз Қазақстан үшін. Маглев – болашақтың көлігі. Біз Алматы облысының дамуына үлес қосуға дайынбыз», – деді ол.
Қазір Алматы облысында корей капиталының қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істейді.
Кездесуге облыстық басқармалар мен бөлім басшылары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, сондай-ақ «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС өкілдері қатысты.
Тараптар LRT жобасын жүзеге асыру өңірдің көлік жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, технологиялық және экономикалық серпін беретіндігіне сенім білдірді. Әкім орынбасары жобаның барлық кезеңдерінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
2023 жылғы маусымда Алматы облысының әкімдігі «Ташяпы» түрік компаниясымен Алматы мен Қонаев аралығында LRT салу туралы меморандумға отырғанын хабарлаған. Жол Қаскелең – Есік – Талғар – Алматы – Ұзынағаш арқылы өтуі тиіс еді. Билік сол арқылы мегаполистегі көлік тығыны мәселесін шешкісі келген.
Инвестиция көлемі айтылмаған. Шілде айында түрік компаниясы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындай бастауы керек болған. Алайда 2024 жылғы сәуірде облыс әкімдігі RETD CO компаниясымен меморандумға отырғаны хабарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласында дәл осындай LRT құрылысы осыдан 14 жыл бұрын басталған. Алайда қаражат желініп, құрылыс ұзақ уақыт тоқтап тұрған. Жоба қайта қолға алынып, ол биыл күзде сынақ ретінде іске қосылуы тиіс.