Трамп армандайтын сирек металдар және оларды өндіруші елдер

АҚШ президенті Дональд Трамп сирек кездесетін металдар үшін Украинаны бейбіт келіссөзге отыруға итермелеген. Енді мұндай элементтер қазір әлемдегі сауда соғысында ықпал ету құралына айналды.
Сирек металдар үшін талас
Жойғыш ұшақтар мен ядролық реакторлардан бастап көпшілік пайдаланатын смартфондарға дейін сирек кездесетін металдар қолданылады. Геосаяси ахуал шиеленісіп, сауда соғысы күшейген түста Қытай оларды бәсекелесіне қарсы қолданатын қаруға айналдырды деп жазды Bloomberg.
Трамп Қытай тауарларына баж салығын еселеп арттырса, Бейжің жеті сирек кездесетін металды шектеулер тізіміне қосты. Олар жер қыртысында көп болғанымен, белгілі бір кен орнында шоғырланбаған. Сонысымен де құнды.
Құрама Штаттарда металдардың мұндай түрлерін өндіретін кәсіпорын жоқтың қасы. Сирек кездесетін металдар нарығын Қытай басып алған.

Бейжіңнің мәлімдеуінше, осы металдар озық технологиялар мен қуатты магнит дайындау үшін қолданылады. Сол себепті Қытай олардың экспортына бақылау орнатты. Сирек кездесетін металдар көпшілік жиі қолданатын тауар жасау үшін ғана емес, әскери мақсаттарға да қажет.
«Осындай өнімдер мен элементтер басқа да ірі нарықтарда технологиялардың дамуына тікелей ықпал етеді. Сол себепті Қытай оларды кез келген келіссөздерде ықпал ету тетігі ретінде пайдалана алады», – дейді Project Blue компаниясының зерттеулер жөніндегі директоры Дэвид Мерриман Bloomberg-ке.
Сонымен, жұрттың назарын өзіне аударған, сауда соғысында Қытайдың басты қаруына айналған жеті сирек кездесетін металмен (негізі 17 сирек кездесетін элемент бар) танысайық.
Тербий – өте сирек металдар қатарына жатады
Жұмсақ, күміс түстес металды кәдімгі жарық шамынан көруге болады. Ол смартфон экранындағы жарық түсті қамтамасыз етеді. Тербий ұшақтарда, сүңгуір қайықтарда және зымырандарда қолданылатын магниттерге тұрақты температура сақтауға көмектеседі.
Оны табу өте қиын. АҚШ қорғаныс министрлігінің дерегінше, сирек кездесетін металдардың жалпы қорында тербий үлесі бар болғаны 1% ғана. Қытай кеден қызметінің мәліметінше, Қытай өзі өндіретін тербийдің 85%-ын Жапонияға, 5%-ын Оңтүстік Корея мен АҚШ-қа экспорттап отыр.
Иттрий
Иттрий элементі бүйрек қатерлі ісігін емдеуде, сонымен бірге стамотологиялық және медициналық отаға қажетті лазерді дайындау кезінде пайдаланылады. Ол да құймалардың беріктігін арттырады. Иттрий температурасы жоғары өткізгіштер үшін таптырмайтын элемент.
АҚШ геология қызметінің мәліметінше, 2023 жылға дейін Құрама Штаттар иттрий импортының 93%-ын Қытайдан алдыртқан.
Диспрозий
Атауының өзі грек тілінен «сирек кездесетін» деп аударылады. Жоғары температураға төзімді диспрозий негізінен мотор немесе генератордағы магниттер дайындауда пайдаланылады. Таза энергия өндірісінде осы элементтің маңызы жоғары. Себебі оны жел турбиналары мен электромобиль өндірісінде қолданады.
Диспрозий формаларының бірі ядролық реакторларды басқару тетіктеріне керек. Өйткені бұл элемент нейтрондарды жеңіл жұтады.
Қытай елде өндірілген диспрозийдің жартысынан астамын Жапонияға, оннан бір бөлігін Оңтүстік Кореяға экспорттап отыр. Бар болғаны 0,1%-ы АҚШ-қа жөнелтіледі.
Гадолиний
Медицина саласындағы МРТ тексеруінен өткен болсаңыз, бояғыш инъекция дәл осы гадолиний негізінде дайындалған. Элемент магнит күшін сезіп, ағза мүшелерін анықтап көруге мүмкіндік береді.
Оның нейтрондарды жеңіл жұту қабілеті бар. Сол себепті гадолинийді ядролық реакторлардың белсенді аумақтарындағы бөлшектерге пайдаланады.
Лютеций
Басқа да элементтерге қарағанда, лютеций аса қатты металл. Оны көбіне мұнай өңдеу зауыттарында зимиялық катализатор ретінде қолданып жүр. АҚШ лютецийді Қытайдан сатып алып отыр. Бейжің оны Жапонияға да экспорттайды.
Самарий – АҚШ-тың сирек металдар тізіміне енген элемент
Самарий мен кобальт қосындысы АҚШ-та аса маңызды металдар тізіміне енген. Кезінде оны құлаққап дайындауға қолданған. Қазір онымен көбіне супермагнит дайындайды. Мұндай магниттер турбиналар мен автомобиль өндірісіне керек.
Самарий қорғаныс саласында да көп қолданылады. Себебі ол жоғары температурада да магнит күшін жоғалтпайды. Самарий лазер және ядролық реактор өндірісіне де аса қажет.

Скандий
Металл Скандинавия құрметіне осылай деп аталған, себебі оны алғаш рет Солтүстік Еуропада тапқан.
Бейсбол таяғы және велосипед қамқасындай дайындау кезінде скандий керек. Одан жойғыш ұшақтар бөлшектерін дайындайды.
USGS мәліметінше, соңғы рет скандий АҚШ-та 50 жыл бұрын өндірілген. Енді Құрама Штаттар скандий мен иттрийді Қытайдан алып отыр. Қытай дайындаған элементті Жапонияда да көптеп сатып алады. Скандий өндірісі Еуропада да жоқ, бірақ кәсіпорын 2026 жылы іске қосылады.
Қазақстанда сирек кездесетін металдар бар, алайда оларды өндіретін кәсіпорын жоқтың қасы.