Вице-министр: Шерзат Полат ісі ІІМ бақылауымен тергелді

2024 жылғы қазанда Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полат ісі Ішкі істер министрлігінің жоғары деңгейдегі бақылауымен тергелді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Мәжілістегі брифингте осылай деп мәлімдеді.
«Тергеу ашық жүргізілді. Оны прокуратура органдары қадағалап, біздің министрліктен бақылау жоғары деңгейде болды деп айта аламын», – деді Әділов.
Шерзат Полат ісін Алматы облысының полициясы тергеді. Іс материалдары 62 томнан тұрады. Тоғыз адамға айып тағылды. Олардың екеуіне ауыр, қалған жетеуіне «бұзақылық», «ұрлық», «қылмыс туралы хабарламау» секілді жеңіл айыптармен сот алдында жауап береді.
Қылмыстық іс Талдықорған қаласындағы сотта қаралып жатыр. Соттың алдын ала тыңдауы 10 сәуірде өтті. Жәбірленуші тарап жеті сотталушының жазасына жеңіл айып тағылғанын сынады. Жәбірленушілердің мүддесін сотта қорғайтын адвокат Мейірман Шекеев те олардың шарттың жазамен бостандыққа шығуына жол бермеуге тырысатынын айтты.
«Біздің отбасымыздың ортақ пікірі бойынша, олар бір топ адам болып бала өліміне жауапты алуы керек. Біз көп нәрсе сұрамаймыз. Тек қана әділдік талап етеміз», – деген марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова.
ІІМ өкілі қылмыс болған жерде барлығы 13 адам болғанына қарамастан, не себепті тоғыз адамға ғана айып тағылғаны туралы сұраққа жауап беруден тас тартты.
«Заң шектеу қоятынын білесіздер. Қазір сот отырысы басталып жатыр. Сондықтан сотқа пікір айтуға құқылы емеспін», – дейді вице-министр
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 4 қазанда Талғардағы «Қамажай» дүкені алдында қарулы жанжал болып, 16 жастағы Шерзат Полат ата-анасының көзінше пышақтап өлтірілді.
Шерзат соты Жоғарғы соттың Youtube-арнасында көрсетіліп жатыр. KursivMedia сот отырысынан тікелей трансляция жүргізді.
Шерзат Полат ісі бойынша сот тыңдауы 17 сәуірде сағат 10-да басталады.